Бұған дейін қосымша құн салығын қазіргі 12%-дан 16%-ға дейін көтеру туралы айтылған болатын
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда қосылған құн салығының ставкасы (ҚҚС) өспейтінін мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосылған құн салығының ставкасы, яғни ҚҚС-ның ставкасы көтерілмейді. Бюджет кірістерінің басқа көздерін іздеп табуымыз керек», - деп атап өтті үкімет басшысы.
Премьер-министр Қаржы министрлігінің қателігін атап, енді қайталанбауын талап етті.
«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында былтыр Қаржы министрлігі бизнеске 600 млрд теңгеге жуық қосымша құн салығын қайтармағанын атап өтті. Сондай-ақ шұғыл шығындарды қаржыландыру үшін бюджетке 2024 жылғы төлемдермен аванс берілген. Бұл дұрыс жоспарламаудың салдарынан болған. 2023 жылы түсуге тиіс болған кірістер жоспары асыра пайдаланды. Мұндай тәжірибе қайталанбауға тиіс», - деді Олжас Бектенов.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қосымша қүн салығын 12%-дан 16%-ға көтеру панацея емес екенін айтқан еді.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстандағы жаңа салық кодексін әзірлеу барысына көңілі толмайтынын айтты.