×

Транскаспий бағыты бойынша мұнай жеткізу 3 млн тоннаға дейін артады

Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын кеңейтуге бағытталған ірі жобалар іске асырылып жатыр

 Динара Амантай 05.02.2024 | 16:16
Фото: primeminister.kz

Қазақстан 2 жыл ішінде Транскаспий бағыты бойынша мұнай жеткізуді 3 млн тоннаға дейін арттырады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, мұнай-газ саласын нығайту, электр энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және жаңартылатын энергия қуатын арттыру энергетика саласын дамытуда басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Мәселен, мұнай саласында Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын кеңейтуге бағытталған ірі жобаларды іске асыру жалғасып жатыр. Каспий құбыр консорциумы құбыры қазақстандық учаскесінің өткізу мүмкіндігі жылына 54-тен 72,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылды. Бұл ретте Транскаспий бағыты бойынша мұнайдың алғашқы жеткізілімдері жүргізіліп, олар 2 жыл ішінде 3 млн тоннаға дейін арттырылатын болады.

Сонымен қатар Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Нәтижесінде оның қуаттылығы жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін артып, ішкі нарықтағы жанар-жағармай қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.

Газ өндіру саласында жаңа кен орындары іске қосылып жатыр. Өндірілетін қоры 31 млрд текше метрден астам газ болатын «Рожковское», «Оңтүстік Ақсай» және «Анабай» кен орындарында газ өндіру басталды. Орта мерзімді перспективада өндірілетін қоры 69 млрд текше метр газ болатын «Орталық Өріктау», «Батыс Прорва» және «Қаламқас» газ кен орындарын іске қосу күтіледі.

Сонымен қатар Қашаған мен Қарашығанақта, сондай-ақ Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауыттарын салу бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. «Сарыарқа» газ құбырының 2-ші және 3-ші кезегі, «Ақтөбе-Қостанай» газ құбыры және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының 2-ші желісі жоспарланған.

Биыл мұнай-газ химиясын дамыту үшін жалпы құны 1 млрд доллар болатын Бутадиен жобасының құрылысы басталады. Бұл ретте Атырау және Ақтөбе облыстарында 13,7 млрд доллар көлемінде полиэтилен, полиэтилентерефталат және карбамид өндіру бойынша басқа да ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жалғасып келеді.

Электр энергетикасы саласындағы жұмыс электр тапшылығын жоюға және экономика үшін қажеттіліктен көбірек қуат көздерін құруға бағытталған. 2023 жылы шамамен 500 МВт болатын қуат көздері іске қосылды. 2024 жылы 14 жоба шеңберінде 825 МВт, оның ішінде 12 жоба аясында 260 МВт жаңартылатын энергия көздері іске қосылады.

Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарында икемді генерация режимі бар жылу электр стансалары салынып жатыр. Сонымен қатар Екібастұз ГРЭС-2-де 3-ші және 4-ші энергия блоктарын жаңғырту және жаңа ГРЭС-3 құрылысына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа ЖЭО салу жоспарланып отыр.

Total, Masdar, Acwa Power және Unigreen Energy стратегиялық инвесторларымен бірлесе отырып, жалпы қуаты 4 ГВт жаңартылған энергия көздері жобаларын іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп келеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама