Halyq Uni логотип
×

Үкімет экономика өсіміне болжам жасады

Бүгінде Ұлттық қордағы қаржы 60 млрд доллардан асты

 Дәурен Ерболат 05.02.2024 | 09:05
Үкімет экономика өсіміне болжам жасады
Фото: primeminister.kz

Биыл Қазақстан экономикасы кемінде 5,3% деңгейінде өсуі мүмкін, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

2023 жылдың қорытындысына сәйкес, ел экономикасы жаңа жағдайларға бейімделіп, орнықты даму жолына түсті.

Қабылданған шаралар нәтижесінде экономиканың өсімі 5,1% болды.

Негізгі салалардың барлығы оң динамика көрсетті: құрылыста – 13,3%, саудада – 11,3%, ақпарат және байланыс қызметтері – 7,1%, көлік қызметі – 6,9%, өнеркәсіп – 4,3%.

Негізгі капиталға салынған инвестиция 13,7%-ға өсті. 2023 жылғы 9 айда тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі 19,7 млрд доллар болды. Оның ішінде 11 млрд доллардан аса қаржы шикізаттық емес секторларға бағытталды. Жалпы 2 жыл қатарынан ТШИ көрсеткіштері соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады. Олардың жылдық көлемі 26-28 млрд доллар деңгейінде.

Қазақстан ТМД елдері арасында шетелдік инвестицияның жалпы ағыны бойынша көш бастап тұр.

Былтыр 11 айда сыртқы сауда айналымы 2,2%-ға өсіп, 126 млрд доллар болды. Оң сауда балансы 16 млрд доллардан асты. Шикізаттық емес экспорт номенклатурасы 141 позицияға өсті.

Қазақстанның халықаралық резервтері 96 млрд доллар болып, оның ішінде Ұлттық қордың активтері 4 млрд долларға өсіп, 60 млрд доллардан асты.

Халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстан экономикасының тәуелсіз рейтингі мен инвестициялық сенімділігін растады.

Үкімет Ұлттық банкпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі кешенді шараларды іске асырып жатыр. Нәтижесінде былтыр ол 2 есе төмендеп, 9,8% болды.

Биыл инфляцияны 6-8% деңгейінде ұстау міндеті қойылды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 5,3%-дан кем болмауға тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама