Оның пікірінше, мемлекет экономикаға қолдау көрсетуі керек
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елімізде жемқорлыққа қарсы күрес жүріп жатқанын, нәтижесінде бизнеспен айналысу жеңілдегенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында министрге «Кейбір кәсіпкерлер Қазақстандағы жемқорлық бизнесін дамытуға кедергі жасайтынын айтып, шағымданып жатыр. Салдарынан тұтынушыларға тауарлар қымбаттайды. Базалық мөлшерлеме жоғары болғаннан кейін елімізде тегін ақша жоқ. Сондай-ақ олардың айтуынша, мемлекеттің бизнестегі үлесі жоғары. Сондықтан барлық сала бос емес. Сіз айтылған деректерді мойындайсыз ба? Жағдайды қалай түзейсіз?» деген сұрақ қойылды.
Министр жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіліп жатқанын еске салды.
Бизнес жүргізуге коррупция кедергі жасайтыны бәріне белгілі факт. Жемқорлыққа қарсы жүйелі түрде күресу керек. Құзырлы органдар мұнымен айналысып жатыр. Менің ойымша, 10-20 жыл бұрын болған жемқорлық қазір жоқ. Себебі, жүйелі шешімдер қабылдануда. Шенеуніктер (кәсіпкерлерге – автор) кедергі жасауға қорқады. Сондай-ақ шенеуніктерге жоғары жалақы алуға жағдай жасалуда. Базалық ставка біртендеп төмендеп жатыр. Инфляцияны ауыздықтау үшін Үкімет тарапынан тиісті шешімдер қабылданды. Нәтижесінде инфляция біртіндеп төмендетілді. Оны 2 есе төмендету міндеті қойылды. Бұл мақсатқа жеттік. Биыл инфляция 6-8% деңгейінде болады. Жалпы бизнес жүргізуде кедергілер әрқашан болады. Кез келген нарықта мұндай жағдай бар. Ең бастысы біз бұл кедергілерді біртіндеп жоюымыз керек, - деді Әлібек Қуантыров.
Оның пікірінше, мемлекет экономикаға қолдау көрсетуі керек.
Базалық ставканың жоғары болуы мен қаржыландырудың жетіспеуіне тоқталайық. Бизнесті қолдау үшін мемлекет (бизнеске берілетін) несиені субсидиялауды 1,5 есе арттырды. 2023 жылы бұл мақсатқа бөлінетін ақша 209 млрд теңгеден 300 млрд теңгеге дейін өсті. Биыл қаржыландыру өсіру мәселесі қарастырылуы мүмкін. Бұл мемлекет экономикаға қолдау көрсетіп жатқанын көрсетеді. Мемлекет қолдау көрсетпесе, 2 жылда шағын және орта бизнестің үлесі 3 пайызға өспес еді (36,5 пайыздан). Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған ШОБ-тардың саны 10 пайызға артты. Бұл үлкен көрсеткіш. Бұл болмаса, ШОБ-тың жағдайы мәз болмас еді, - деді министр ағынан жарылып.
Әлібек Қуантыров бүгінде шағын және орта бизнеске жағдай жасалып, үлкен мүмкіндік берілгенін атап өтті.
Былтыр бөлшек салық салынатын экономикалық қызметтің түрлерінің жалпы жіктеуішінің (ОКЭД) саны шашамен 2 өсіп, 190-ға жетті. Бүгінде олардың саны – 364. Бұрын ҚҚС төлеген бизнес қазір 4% салық төлеуге көшіп жатыр. Бұл тікелей тұтынушымен жұмыс істейтін қызмет түрлеріне қатысты. Бұл – үлкен жеңіс. 4%-дық салық шектеу емес. Өңірдегі әрбір мәслихат оның мөлшерлемесін 2% дейін төмендете алады. Мысалы, Қарағанды облысы осылай істеді. Енді басқа өңірдегі бизнестер осы жақта жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Себебі, онда жұмыс істеу тиімді, - деді ведомство басшысы.