Сомасы 220 трлн теңге болатын күмәнді банк операциялары тексеріліп жатыр
Бүгінде мемлекетке шамамен 1 трлн теңгенің активі қайтарылды
Премьер-министр Әлихан Смайылов заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Отырыс барысында тексеру шаралары басталатын жаңа тұлғаларды тиісті реестрге енгізу мәселесі талқыланды. Бұған дейін реестрге енгізілген кейбір тұлғалар бойынша кінәсін мойындау және заңсыз алынған мүлікті өз еркімен қайтару туралы процессуалдық келісім жасау жоспарланып отырғаны хабарланған.
Бұдан бөлек, реестрдегі жекелеген субъектілердің және оларға үлестес тұлғалардың шығу тегі түсініксіз мүлкін мемлекет кірісіне аударуды мәжбүрлеу туралы талаптар қойылады.
Премьер-министр мемлекет басшысының заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы шешімі «Әділетті Қазақстанды» құру процесінің жалғасы екенін атап өтті. Соңғы 2 жылда елге жалпы сомасы 1 трлн теңгеге жуық активтер қайтарылды.
Бүгінде ауқымды жұмыс аясында 344 жылжымалы және жылжымайтын мүлік объектісі, оның ішінде шетелде 131 объект анықталды. Жалпы құны 448 млрд теңге болатын құнды қағаздар бойынша мәлімет алынды. Сомасы 220 трлн теңге болатын банк операциялары, оның ішінде 1,4 трлн теңгені қамтитын күмәнді операциялар тексеріліп жатыр.
Біздің ортақ міндетіміз – заңсыз иемделген активтерді қайтаруды қамтамасыз ету және оларды қоғам мен мемлекет игілігі үшін пайдалану», – деді Әлихан Смайылов.
Отырыста Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.