Нәтижесінде 18 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылуға тиіс
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында импортты алмастыруды дамыту және қазақстандық тауарлар мен қызметтердің экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері қаралды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Ол қабылданған шаралардың арқасында соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі өскенін атап өтті. Бұл ретте Қазақстанға импортталатын тауарлардың едәуір бөлігін жергілікті жерде өндіру үшін әлеуеті жеткілікті.
Бұл жұмысқа өз кадрларымызды, шикізат пен тауарларды барынша жұмылдыру маңызды. Үкімет бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау жұмысын жалғастырады, - деді Әлихан Смайылов.
Бизнес көтерген барлық өзекті мәселе бойынша мемлекеттік органдар, даму институттары мен әкімдіктер тарапынан толық түсініктеме берілді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев былтыр 11 айда өңдеу өнеркәсібінің сыртқы сауда айналымы 12% артып, 74,2 млрд доллар болғанын жеткізді.
2023 жылы ірі тапсырыс берушілер мен отандық өндірушілер арасында жалпы құны 66 млрд теңге болатын ұзақ мерзімді 179 шарт пен оффтейк-келісімшарт жасалды.
Сонымен қатар өз қажетін қанағаттандыру үшін ірі компаниялар («Қазақмыс», ERG, «Қазмырыш» және тағы басқа) шағын және орта бизнес белдеуін құрып жатыр.
Импорт алмастыруды ынталандыру үшін отандық өңдеушілерді қолжетімді бағамен шикізатпен қамтамасыз ету механизмі іске қосылды. Бүгінде металдың 3 негізгі түрі – алюминий, мыс, қорғасын бойынша 25 келісім жасалды. Бұл өңдеуді тереңдетіп, елімізде өндірілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорындардың инфрақұрылымға қолжетімділігін кеңінен қамтамасыз ету үшін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметі жетілдіріліп жатыр.
Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінде импортты алмастыруға және экспортқа бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 930 млрд теңге болатын 170 жоба іске қосылып, 12 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылды. Мысалы, лак және бояу материалдары, арматура, арнайы жұмыс киімі, медициналық жиһаздар, жылу сақтағыш материалдар, лифтер және тағы басқа импортқа тәуелді тауарлар өндірісі жолға қойылды.
Биыл жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 180 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 18 мыңнан аса жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда, Павлодар облысында ферроқорытпа зауыты, Қостанай облысында жүк көліктеріне арналған темір бөлшектер шығаратын зауыт, Павлодар облысында ұсталық-бандаж кешені, Алматы облысында тұрмыстық техника шығаратын зауыт және Қарағанды облысында жел энергетикасы қондырғыларына арналған құрамдас бөліктер шығаратын зауыт бар.
Премьер-министр импорт алмастыруды дамыту экономика тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды фактор екенін атап өтті.
Бұл ретте кешенді жұмыс жүргізу қажет. Осы мақсатта Үкімет елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасын қабылдады. Атап айтқанда, отандық тауарлар номенклатурасын кеңейту және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін арттыру арқылы өндірістің өсуін ынталандыру шаралары іске асырылып жатыр, - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, кәсіпорындардың негізгі қорын уақтылы жаңарту және жаңа өндіріс орындарын іске қосу маңызды міндет саналады.
Өндірісті локализациялауды арттыру үшін жобалар қолжетімді қаржыландырумен, оның ішінде бюджеттен тыс көздер және кепілдік беру тетіктерін кеңейту есебінен қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл шаралар кәсіпорындарға шетелдік тауар жеткізушілермен табысты бәсекелесуге мүмкіндік береді, - деді премьер-министр.