×

Қазақстанның криптоиндустрия саласында аймақтық хаб болуға толық мүмкіндігі бар – Исламбек Салжанов

Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының төрағасы Binance криптобиржасының негізін қалаушы Чанпэн Чжаомен кездесті

 Ербол Тұрымбет 26.05.2022 | 09:47
фото: facebook.com/i.salzhanov/

Қазақстанға Binance криптобиржасының негізін қалаушы әрі бас директоры Чанпен Чжао келіп, ол сапар барысында АХҚО, Astana hub және Paxaro labs блокчейн-орталығына барды. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, Қазақстанда криптоиндустрия саласында аймақтық хаб құру мәселесін талқылады.

Чанпэн Чжао осы сапарында Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығы президиумының төрағасы Исламбек Салжановпен кездесіп, еліміздегі криптоиндустрия дамуының келешегі туралы әңгіме құрды. Кездесу барысында Чанпэн Чжао криптоактивтерді реттеу саясаты мен ол үшін заңнамалық негіз жасау, сонымен бірге қалың бұқараны криптоиндустрияға тарту сияқты мәселелерде Қазақстандағы мемлекеттік органдарға кеңес беруге дайын екенін атап өтті.

«Президент қатысуымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Binance арасында әріптестік туралы меморандумға қол қою - үлкен нәтиже. Бұл цифрлық қаржы саласы дамуын жаңа деңгейге шығаратыны сөзсіз.

Чанпэн Чжао Binance үшін Қазақстанда лицензия алуды жоспарлайтыны көңіл көншітеді. Binance криптобиржалар арасында әлемдік көшбасшы. Олардың Astana Hub-тың жас таланттарына жаңа деңгейге шығуға көмек ұшын созуға даярлығы біздің криптоиндустрия нарығына тың серпін береді. Естеріңізге сала кетсем, Қазақстан бұл салада көшбасшы елдердің қатарында. Осы орайда мемлекеттің қолдау көрсетуі біз үшін өте маңызды. Атап айтқанда, еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімдері арқасында біз әлем елдерінің алғашқы қатарында цифрлы майнингті заңдастырдық», - деп жазды Исламбек Салжанов кездесу туралы.

Исламбек Салжанов Қазақстанның осы салада аймақтық хаб болуға толыққанды мүмкіндігі барына және Binance бастаған криптоиндустрияның көшбасшылары елімізге келетініне сенім білдірді.

Біз өз тарапымыздан бүгін айтылған жоспарлардың іске асуына бар күшімізді саламыз, - деп жазды Исламбек Салжанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама