Halyq Uni логотип
×

Елімізде жаңа италиялық макарон өндіріледі

Қазір Қазақстанда макарон өнімдерін 40 кәсіпорын өндіріп отыр

 Ербол Тұрымбет 21.01.2024 | 16:02
Елімізде жаңа италиялық макарон өндіріледі
фото: Теңіз толқыны/Шаттерсток

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италия Республикасына ресми сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Bonifiche Ferraresi агрохолдингінің бас директоры Федерико Веккьонимен кездесті. Алдын ала келіссөздер нәтижесінде  «Агрофирма TNK» және Bonifiche Ferraresi холдингінің еншілес компаниясы BF International Best Fields Best Food Limited компаниялар тобы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстандық компания Ақмола облысында 400 мың гектар жерде ауыл шаруашылығы өнімін өндіреді және қазақстандықтарға ұн, жарма, ашытылған сүт және басқа да өнімдер шығарылатын «Жақсы» сауда маркасымен белгілі.

Италиялық холдинг ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірумен және маркетингпен айналысады. Bonifiche Ferraresi халықаралық аумақтарда өз қызметін кеңейту және дамыту стратегиясын бекітті, нәтижесінде «Агрофирма TNK» -мен меморандумға қол қойылды.

Серіктестіктің бірінші кезеңінде компаниялар технология, тұқым, қызметкерлерді оқыту саласында тәжірибе алмасуға ниетті. Ал келесі кезеңде қайта өңдеуді дамыту, оның ішінде макарон өндірісі қарастырылады.

Қазір Қазақстанда макарон өнімдерін 40 кәсіпорын өндіріп отыр. Олардың ең ірілері шикізат ретінде ақуыз бен темірдің жоғары құрамымен ерекшеленетін қатты сұрыпты бидайдан жасалған ұнды пайдаланады. Мұндай ұннан дәстүрлі италиялық макарон жасалады.

Қазақстанда макарон өндірісі мен экспортын ұлғайту үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Өйткені өз шикізат базасы бар. 2022 жылы Қазақстанда 15,6 млн тонна жұмсақ бидай және 833 мың тонна қатты бидай өндірілді. Оның 400 мың тоннасы Италияға ғана экспортталады. Бұл макарон өндірісінің көлемін ұлғайтуға, оның ішінде экспортты кеңейту мақсатында жеткілікті, - деп түсіндірді Айдарбек Сапаров.

Келіссөздер барысында Ауыл шаруашылығы министрі италиялық серіктестер үшін Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалды атап өтті. Атап айтқанда, инвесторлар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін Үкіметпен тікелей инвестициялық келісім жасай алады. Мұндай жобаларды іске асыру үшін салалық жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама