×

Оралда жұмыртқа бір адамға 10 данадан ғана сатылып жатыр

Былтыр Қазақстан Ресейге, Ауғанстанға және Қырғызстанға шамамен 186,6 млн дана тауық жұмыртқасын экспорттаған

 Еркеғали Болатұлы 18.01.2024 | 14:15
фото: Halyq Uni

Орал қаласында жұмыртқа дефициті туындады. Сауда орындарында өнімді бір қолға 10 данадан ғана сатып жатыр. Бұл туралы «Мой город» хабарлады.

Менің отбасым үлкен, 4 баламның үшеуі – жасөспірім. Яғни, азық-түлікті жиі аламын. Бірнеше аптадан бері сауда орнында бір қолға 10 дана жұмыртқадан ғана сатып жатыр. Міне, мен он шақты сатып алдым, ол бізге бір таңғы асқа ғана жетеді. Содан кейін қайтадан баруым керек. Мұндай шектеу қайдан келді? Тапшылықтың туындауына не себеп? Менің білуімше, біздің облыста екі ірі құс фабрикасы жұмыс істейді. Олар ішкі нарықты жұмыртқаның қажетті мөлшерімен қамтамасыз ете алмай ма? - дейді наразы тұрғындардың бірі.

Ауыл шаруашылығы басқармасы жағдайға қанық. Ведомство бұл алыпсатарлық жағдайларын болдырмау үшін жасалғанын айтып отыр.

Ресейге жұмыртқаның көптеп экспортталып жатқандығы туралы бізге ешқандай ақпарат түскен жоқ. Біздің кәсіпкерлер жұмыртқаны тек ішкі нарықта сатады. Біз оларды мәжбүрлей алмаймыз. Оларға әкімшілік әдістермен тыйым салуға да құқығымыз жоқ. Әрине, кәсіпкерлермен сөйлесетін боламыз, - деді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері.

Үкімет мәліметінше, елімізде отандық құс фабрикалары халықты жұмыртқамен толық қамтамасыз ете алады. 2023 жылдың 11 айында Қазақстан Ресейге, Ауғанстанға және Қырғызстанға шамамен 186,6 млн дана тауық жұмыртқасын экспорттаған.

Бұған дейін Қазақстан мен Ресей премьер-министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчук екіжақты сауданың өзекті мәселелерін талқылаған еді. Кездесуде Ресей жағы елімізден сауда желілеріне тауық жұмыртқасын жеткізуді арттыру жөнінде өтініш жасаған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама