«Алтын Орда» базары ашық жұмыс істейтін болды
Арнайы сайт іске қосылды
«Алтын Орда» базары цифрландырылды, деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.
Сауда комитеті «Алтын орда» базарының әкімшілігімен бірлесіп, базар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітті. Оның шеңберінде 2023 жылғы желтоқсаннан бастап, базардың кіреберісіне 6 QR-коды бар автоматты шлагбаум мен кіру ақысын төлеу үшін павильондарда 6 POS-терминал орнатылды.
Сондай-ақ «Алтын Орда» базарын цифрландыру бойынша altynordaresmi.kz сайты іске қосылды.
Онда азаматтарға қолжетімді сауда орындарының саны, олардың алаңы, жалдау құны туралы ақпарат, жалдау (пайдалану) шартының талабы, оны бұзу тәртібі мен негізі туралы мәлімет көрсетілген. Базар басшылығы тарапынан кері байланыс болу үшін онлайн-шағым беру және ұсыныс енгізу мүмкіндігі енгізілді.
Жоғарыда аталған іс-шаралар базар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге, бюджетке салық төлемдерінің түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, былтыр тамызда Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев аталған базардағы заңбұзушылықтарды жою үшін кеңейтілген кеңес өткізген болатын.
Сонымен қатар 2023 жылғы желтоқсанда Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков «Алтын Орда» базарына барып, әкімшілікпен сауда алаңдарын жаңғырту мәселесін талқылады. Кеңестің қорытындысы бойынша Айдар Әбілдабеков қысқа мерзімде бизнес-процестерді цифрландыруға көшуді жеделдетуді тапсырған еді.