×

Бас прокурор 2 гектарға жуық ҚазҰУ-ға тиесілі жер бойынша тапсырма берді

Алматы әкімдігі жеке компанияға жер учаскесін ҚазҰУ-дың жер пайдалану құқығы тоқтатылғанға дейін берген

 Айнұр Шошаева 24.05.2022 | 16:27
фото: kaznu.kz

Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутаттарының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жеріне қатысты сауалына жауап беріп, жер учаскесін қолданыстан шығару бойынша заңбұзушылықты жоюды ұсынды. Бас прокуордың жауабын Мәжіліс депутаты Азат Перуашев жариялады. 

«Бас прокурордың депутаттық сауалға берген жауабында көрсетілгендей, прокуратура органдары ҚазҰУ жер телімінің бір бөлігін алуға қатысты заңбұзушылықтарды жою талабы жолданды. Сонымен бірге, ҚазҰУ-ның бір жыл бұрынғы осы тектес талаптарын (ол кезде де біз депутаттық сауал жолдағанбыз) сот қабылдамай тастағаны айтылған», - деп жазды Азат Перуашев.

Бас прокурордың жауабында 2012 жылы Алматы қаласы əкімдігінің қаулысымен ҚазҰУ-ға тұрақты жер пайдалану құқығымен ауданы 73,26 гектар учаске берілгені, 2017 жылы қала əкімдігі осы учаскенің шекарасын түзету туралы қаулы қабылдап, оның ауданы 1,82 гектарға азайтқаны айтылған (ҚазҰУ-да 71,44 гектар қалды). Осылайша учаскенің кішірейтілген бөлігі «Omirex» ЖШС (0,74 гектар), «Алматы Су» МКК, «Алматы жылу желілері» ЖШС, «Қазпошта» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ коммуналдық қызметтері (0,56 гектар) жəне Ш.А. Мұстафаевтың (0,52 гектар) иелігіне өтті.

«Алайда Жер кодексінің 48 жəне 82-баптарын бұзып, Алматы қаласының əкімдігі «Omirex» ЖШС-ға жер учаскесін сауда-саттықсыз жəне оған ҚазҰУ-дың жер пайдалану құқығы тоқтатылғанға дейін берген. Сондықтан Алматы қаласының прокуратурасы 2022 жылғы 11 мамырда қалалық жер ресурстарын басқару департаментінің атына заңбұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізді», - делінген Берік Асыловтың жауабында.

Еске салайық, былтыр әлеуметтік желіде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы университеттің жер учаскелерін жеке тұлғаға сатты деген хабарлама тарады. Университеттің ресми сайтында жер мәселесіне қатысты ақпаратқа түсініктеме берілді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама