Қазақстаннан ұнды көбірек сатып алған елдердің тізімі жарияланды
Биыл 465 млн долларға ұн экспортталған
2023 жылғы қаңтар-қазанда Қазақстанда 2,7 млн тонна ұн өндірілді, деп хабарлады Energyprom.kz.
Бұл көрсеткіш – былтырғыдан 1% артық.
Өнімнің басым бөлігі майда ұнтақталған бидай ұнына тиесілі – 2,5 млн тонна, жылдық өсім – 1,5%.
Сондай-ақ елімізде нан өнімдеріне арналған 171,8 мың тонна қоспа (бір жылда 2,1% азайған), 5,5 мың тонна майда және ірі ұнтақталған өсімдік ұны (40,1% азайған), бидайдан және басқа дәнді дақылдардан 4,4 мың тонна (29% азайған) майда ұнтақталған ұн өндірілді.
Қостанай облысы әдеттегідей ең көп ұн өндірді: 992,9 мың тонна, бір жылда өсім – 8,9%. Екінші және үшінші орында Солтүстік Қазақстан облысы (314,4 мың тонна, өсім – 11,7%) және Шымкент қаласы (268,4 мың тонна, өсім – 16,4%) тұр.
Қазақстандық ұн өндірушілер ішкі нарықты өнімді жоғары деңгейде қамтамасыз етіп отыр.
Биыл қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар сұранысты (ішкі нарықтағы сату және экспорт) 98,6%-ға қамтамасыз етті. Ұн импорты 32,4 мың тонна болды. Бұл – былтырғыдан 58,4% артық.
Жыл басынан бері 1,4 млн тонна ұн экспортталды. Бұл – былтырғымен салыстырғанда 6,6%-ға артық.
Ішкі нарықтағы ұнды сату үлесі 2,1%-ға немесе 890,6 мың тоннаға дейін төмендеді.
Биыл қаңтар-қазанның қорытындысы бойынша 464,7 млн долларға ұн экспортталды. Өткен жылмен салыстырғанда, құндық мәнде 22,7%-ға аз. Физикалық түрде экспорт 1,6 млн тонна болды.
ТМД елдеріне 555,1 мың тонна ұн жіберілді. Бұл – 2022 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда 25,5% артық.
Қазақстандық ұнды ең көп Өзбекстан сатып алды: 440,7 мың тонна – былтырғыдан 33,3% көп. Қазақстан ұнының негізгі сатып алушыларының үштігіне Тәжікстан мен Түрікменстан енді. ТМД-дан тыс елдерге 296 млн доллар болатын 1 млн тонна ұн жіберілді. Мұнда негізгі сатып алушы Ауғанстан: 994 мың тонна, былтырғыдан 8% аз.