Киім мен азық-түлікті қазақстандықтар интернет арқылы жиі сатып алады
Бүгінде Қазақстан тұрғындары киім, аяқ-киім мен азық-түлік, дәрі-дәрмекті интернет арқылы жиі сатып ала бастады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство басшысы бүгінде онлайн сауданың үлесі қатты өскенін атап өтті.
«Бұл – әлемдегі экономикалық өсімнің жаңа драйвері. Оның географиялық шекарасы жоқ. Халықаралық сарапшылардың болжамынша, 2026 жылға қарай В2С (business to consumer) әлемдік нарықтағы үлесі 8,2 трлн доллар болады. Қазір бұл көрсеткіш – 5,7 трлн доллар деңгейінде немесе әлемдегі бөлшек сауда айналымының 19% алып отыр (Оңтүстік Кореяның үлесі – 28%, Қытай – 27,2%, Ұлыбритания – 26,5%, АҚШ – 14,6%)», - деді министр Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Министр қазақстандықтар соңғы уақытта тауарларды интернет арқылы жиі сатып ала бастағанын жеткізді. Сондықтан электронды сауда инфрақұрылымын дамыту маңызды.
«Қазақстанда бұл көрсеткіш 12,5%-ға жетті немесе 2 трлн теңге болды (2022 жылдың қорытындысы бойынша 1 млрд 963 млн теңге). Интернет арқылы сатылатын негізгі тауарлар – киім мен аяқ-киім, үйге арналған тауарлар, азық-түлік, косметика және дәрі-дәрмектер.
Электронды сауданың қазақстандық экожүйесін дамыту үшін көлік-логистика инфрақұрылымын, курьерлік қызметтерді жақсарту, қағазсыз сауданы енгізу және халықтың цифрлық сауатын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деп сөзін түйіндеді ведомство басшысы.