Елімізде ипотекалық несиелерді субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілуі мүмкін
Баспана алу жеңілдей ме екен?
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі зейнетақы жинағын алудың қысқаруына орай халықты қолдаудың баламалы шарасын ойластырып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Министрлік мәліметінше, Қазақстанда 7-20-25 пен «Нұрлы жер» бағдарламалары бөлінген қаржы толық игерілгенше созылады. Ұлттық банк ақпаратына сүйенсек, бүгінде аталған бағдарламаларды жүзеге асыру үшін 500 млрд теңге қосымша қаржы бар.
Сонымен қатар қазіргі таңда жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың аяқталуына әрі зейнетақы жинағын алудың қысқаруына орай баламалы шара ретінде ипотекалық несиелерді субсидиялау тетігін енгізу қарастырылып жатыр, - дейді ИИДМ.
Бұған қоса осы уақытқа дейін жүзеге асырылған «Нұрлы жер» бағдарламасындағы шаралар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына қайта енгізілгенін атап өтті. Сондай-ақ еліміздегі жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары «Отбасы банкі» арқылы одан әрмен жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.