Биыл өнеркәсіпте 170 жобаны іске қосу жоспарланған
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауында экономика құрылымымен байланысты реформаның негізгі аспектілеріне тоқталды. Олардың ішінде ең маңызды міндеттердің бірі – елдің өнеркәсіп әлеуетін нық қалыптастыру, экономикалық тұрғыдан өз-өзімізді қамтамасыз ету. Сондықтан өңдеу секторының жедел дамуына назар аудару керек.
Сенат депутаты Серік Өтешевтің айтуынша, биыл өнеркәсіпте 802 млрд теңгеден астам қаржыға 170 жоба іске қосу жоспарда бар. Осының есебінен 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылуы мүмкін. Қазір шамамен 376,3 млрд теңгеге 91 өнеркәсіп нысаны іске қосылды.
Өнеркәсіпте іске асырылатын аса маңызды жобалардың мысалы ретінде Қостанай облысындағы «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ (ССКӨБ) зауытын атап өтуге болады. Онда жылына 4 млн тоннаға дейін ыстықтай брикеттелген темір өндірілмек. Бұл Қазақстандағы көміртексіз «жасыл болат» өндірісінің алғашқы қадамы.
Бұдан бөлек, Алматыда Қытай бренді саналатын – Chery, Changan, Haval жеңіл автомобильдерін өндіру бойынша 2 200 жұмыс орнын құрылып, жылына 90 мыңға дейін автомобиль шығаратын мультибрендтік зауыт ашпақ.
Сондай-ақ, Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар өндіру зауыты 1500 жұмыс орнын құрып, 4 млн тоннаға дейін минералды тыңайтқыштар шығаруды көздейді.
Сенат мүдделі мемлекеттік органдармен, Қазақстанның машина жасаушылар одағымен, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мәселелері жөніндегі қауымдастықтармен тұрақты өзара іс-қимылын жүзеге асырып келеді. Депутаттардың көптеген бастамасы заңнамалық қолдауға ие болды. Мәселен, 2023 жылғы 1 мамырда енгізілген «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бойынша құны 50 млн доллардан асатын басым салалардағы инвестициялық жобалар үшін 25 жыл ішінде отандық заңнаманың тұрақтылығына кепілдік беретін инвестициялар туралы келісім жасасу мүмкіндігі берілді, - дейді депутат.
Сенатордың айтуынша, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы Кәсіпкерлік кодекс біршама түзетілді. Оның ішінде 500 млн доллардан астам инвестиция салған жағдайда салық заңнамасының 10 жылға тұрақтылығына кепілдік беретін инвестициялық міндеттемелер туралы келісімге өзгеріс енгізілді.
Мұнай-газ саласының күрделі жобаларына инвестиция тарту үшін 2023 жылдан бастап жақсартылған модельдік келісімшарт жасасу кезінде фискалдық ынталандырулар қосылған.
Сондай-ақ, Сенатта қаралып жатқан «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы «Қазақстан Республикасының Кодексіне жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң аясында геологиялық барлау мен көмірсутектерді өндірудің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ кен орындарын игеру процесінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаржылық және әкімшілік шығынын төмендетуге бағытталған нормалар көзделген.
Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінде экстенсивтілік пен шикізатқа бағытталуы; локализацияның төмен деңгейі, сондай-ақ, жеңіл өңделетін өнім өндіруге бағытталуы сияқты проблемалық мәселелер әлі де шешілмеген. Осыған байланысты, өңдеуші өнеркәсіпті ұлттық экономиканы дамытудың негіздерінің біріне нық трансформациялау жөнінде жедел шаралар қабылдау қажет.
Осы ретте Сенат депутаты мынадай заңнамалық түзетулер қабылдауды ұсынады:
«Сенат елдің өнеркәсіптік саясатын қалыптастыру және іске асыруда заңнаманың сақталуын бақылайды. Сондай-ақ, алдағы уақытта өңдеу өнеркәсібін заңнамалық қамтамасыз етуді жетілдіру жөніндегі жұмысын жалғастыра береді», - дейді Серік Өтешев.