Қалада биылдан бастап аудан әкімдіктеріне 15 функция берілген
Алматыда Мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыру тұрғындардың мәселесін жедел шешуге септігін тигізді. Қала әкімі Ерболат Досаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бұл өзгеріс аудан әкімдіктерінің тиімді жұмыс істеуіне әсер еткенін айтты.
2023 жылдың 1 сәуірінен бастап аудандарға 15 функция берілді. 8 ауданның бюджеті 2022 жылы 51,6 млрд теңгеден 2023 жылдың 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 162,9 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Орталықсыздандыру арқылы аудан әкімдіктері биыл 11 айында 326 мың м² жол төсемін жөндеді. 177 шақырым сумен жабдықтау және кәріз тарату желілері салынды, - деді Ерболат Досаев.
Сонымен қатар балаларды қолдау бағдарламасын жүзеге асыру жалғасып жатыр. Тегін үйірмелерге бару үшін 90 мыңға жуық ваучер берілген. Соның ішінде 47 213 – шығармашылық тапсырысқа және 42 691 – спорт үйірмесіне бөлінді. Қала әкімінің 2024 жылы 8 ауданның бюджеті тағы 20,5%-ға өсіп, 196,4 млрд теңгеге жететінін айтты.