Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда 10 кеме құрастыру жоспарланып отыр

Елімізде кеме құрастыратын зауыт жоқ

 Дәурен Ерболат 12.12.2023 | 17:19
Қазақстанда 10 кеме құрастыру жоспарланып отыр
фото: portkuryk.kz

Қазақстанда 10 кеме құрастыру жоспарланып отыр: 3 танкер, 3 құрғақ жүк кемесі және 4 паром. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Алғашқы кезеңде 10 кемені салу қажет: 3 танкер, 3 құрғақ жүк кемесі және 4 паром. Қазақстандық кеме салу зауытын салғанға дейін – бірінші кемені Каспий маңындағы көршілес елдердің зауытында салу жоспарланып отыр.

Қазір «ҚазақстанТеңізФлоты» компаниясы кемелердің жаңа моделін жобалап жатыр. Олардың құрылысына, мемлекеттік қолдау ретінде Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылады», - деді министр Үкімет отырысында.

Марат Қарабаев кеме зауыты қайда орналасуы мүмкін екенін айтты.

«Кеме салу зауытының өндірісін бастапқы кезеңде Каспий теңізі жағалауында орналасқан нысандардың базасында бастау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, металл құрастыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі бар «ЕрСай» компаниясының әлеуетін қолдану қарастырылған.

Жобаны іске асыруға YDA, Asfat және ADP компаниялары қызығушылық танытып отыр.

Зауыт жұмысы – сауда кемелері мен мемлекеттік органдар сұранысы есебінен қамтамасыз етіледі. Оған қоса, 150-ден аса кеме әртүрлі деңгейде жөндеуді талап етеді. Бұл жұмыс отандық кеме салу зауытында жүргізіледі», - деді ведомство басшысы.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстанда кеме жасайтын зауыт жоғын айтты.

Жалпы теңіз порттарымыздың әлеуеті өте жоғары. Олар арқылы қазіргіден 3 есе көп жүкті ауыстырып-тиеуге болады. Сондықтан еліміздегі инфрақұрылымның мүмкіндігін барынша тиімді пайдалану үшін талапқа сай келмейтін тұстардың бәрін ретке келтіру қажет, - деді ол.

Үкімет басшысы кемелердің, әсіресе паром тапшылығы мәселесін шешу керегін айтты.

Ол үшін шетелге тапсырыс беруге мәжбүрміз. Алғашқы паром құрылысы 2024 жылы басталады. 2027 жылы олардың санын 4-уге жеткізу жоспарланып отыр. Өкінішке қарай Қазақстанда кеме жасайтын зауыт жоқ. Зауыт салу мәселесін тездетіп, инвестор тарту үшін шешім қабылдау қажет, - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр министрлікке тапсырма берді.

Көлік министрлігі ҚТЖ-мен бірлесіп, 2024 жылдың қаңтар айының соңына дейін Теңіз инфрақұрылымын дамытудың кешенді шараларын әзірлеуі қажет. Олар сауда флотын, порт қуаттарын және жүктерді ауыстырып-тиеу көлемін ұлғайтуды қамтуға тиіс, - деді Үкімет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама