×

Жастардың 5 мыңнан астамы кәсіп бастауға жеңілдетілген несие алып жатыр

Микронесие алуға өтінімдер 5 өңірден көбірек түскен

 Еркеғали Болатұлы 11.12.2023 | 17:17
фото: Halyq Uni

Кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық жеңілдетілген микронесиелер алуға 7,4 мың өтінім түскен. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

7 желтоқсандағы жағдай бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 5 496 жобаны мақұлдаған. Ал биыл жалпы 5 796 микронесие беру жоспарланып отыр.

Жеңілдетілген несие мөлшері – 5 млн теңгеге дейін, оны кез келген мақсатқа 5 жылға алуға болады. Ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін несие мерзімі – 7 жылға дейін.

Микронесие алуға өтінімдер көп түскен өңірлер:

  • Түркістан облысы (1014),
  • Жамбыл облысы (786),
  • Қызылорда облысы (642),
  • Астана қаласы (548),
  • Шымкент қаласы (498).

Конкурстық комиссиялардың шешімімен 5 496 жоба мақұлданған. Оның 5 068-ін іске асыруға несие берілді. Қарыз алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтып отыр.

Айта кетсек, микронесие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама