Сот Тимур Құлыбаевқа тиесілі компанияны ұлттық парктегі зәулім үйінен айырды
«Кипрос» ЖШС бизнестің әртүрлі саласындағы активтер мен инвестицияларды басқарумен айналысады
Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты кәсіпкер Тимур Құлыбаевқа тиесілі компанияға қатысты істі қарады. Сотқа «Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесі жүгінген.
Сот материалдарына сәйкес, 2018 жылдың 13 қарашасында «Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесі мен «Кипрос» ЖШС арасында келісімшарт жасалған. Соған сәйкес, «Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында туристік кешен салуға» және туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін жер учаскесі компанияға 2062 жылдың 22 қазанына дейінгі уақытқа жалға берілген.
Ол жерде «Южная» туристік базасы салынған. Келісімшарт бойынша «Кипрос» ЖШС ол жерде туристерді қабылдауы қажет болған.
Ұлттық табиғи паркі сотқа жүгініп, РММ мен ЖШС арасындағы келісімді бұзуды; 1,1 гектар жерді қайтаруды; «Кипрос» ЖШС коттеджі өз қаражатына бұзуын сұрады. Талап арызда компанияның ерекше қорғалатын аумақ туралы қолданыстағы заңнаманың талаптары, сондай-ақ жер учаскесін жалға алудың шарт талаптары сақталмай отырғанына сүйенген. Ал ол жерді жеке мақсатта пайдаланатын коттедж орналасқан.
Тексеріс барысында көрсетілген аумақтың туристерлер арналмағаны анықталды.
Сот шешімімен «Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінің талап арызы қанағаттандырылды. Осылайша РММ мен «Кипрос» ЖШС арасындағы 2018 жылдың 13 қарашадағы келісімінің күші жойылды. «Кипрос» компаниясы ұлттық парк аумағындағы жерді қайтарып, өз қаражатына коттеджді бұзады. Сондай-ақ қоқысты парк аумағынан шығаруға міндетті.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ, тараптар апелляциялық шағым түсіруге құқылы.
Айта кетейік, кәсіпкер Тимур Құлыбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы. Forbes.kz ақпаратына сәйкес, Тимур Құлыбаев «Кипрос» ЖШС-ның негізгі иесі. Бұл – Алматыда тіркелген елдегі ірі жеке холдинг және инвестициялық компания. Негізгі бағыты – бизнестің әртүрлі саласындағы активтер мен инвестицияларды стратегиялық басқару.