Халықаралық бес ірі компания өңірде жаңа өндіріс орындарын ашпақ
2023 жылдың алғашқы алты айында Алматы облысына 484 млн доллар инвестиция тартылған. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ОҚК-де өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Әкімнің айтуынша, өңірдегі инвестициялық ахуал жақсарған.
Биыл бірінші жартыжылдықта өңірге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 484 млн доллар болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп, - деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімі Алматы агломерациясын дамыту шеңберінде Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (БАКАД) іске қосылғанын, жолдың бойында жаңа өндіріс орындары ашылатынын жеткізді.
«Айналма жолдың ұзындығы – 66 шақырым. Қазір осы жолдың төңірегінде халықаралық бес ірі компания жалпы құны 815 млрд теңге болатын жаңа өндіріс орындарын ашпақ. Сонымен қатар отандық компаниялардың бірі құны 56 млрд теңге болатын жобаны іске асырып жатыр. Оның бірінші кезеңі бойынша жұмыс істелді», - деді әкім.
Нәтижесінде өңірде чипси өндіру, онлайн дүкендер, темекі өндіру және логистика жобалары іске қосылады.