Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы өңірлер арасында көш бастады
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1 трлн теңгеден асып, республикада көш бастады. Жыл басынан бері өңірдегі ауыл шаруашылығы саласына 88,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті.
«Биыл біз ауыл шаруашылығындағы негізгі өзекті мәселелерге назар аударып, оны жүйелі түрде шешу жолдарын қарастырдық. Біріншіден, жылыжай шаруашылықтарын қолдаудың жаңа тетіктері жасалып, жылыту шығындарын субсидиялау ережесі бекітілді. Биылға бұл мақсатта 500 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ жылыжайларды бір орталықтан қатты отынмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, көмір өндірушілерден тікелей тасымалдау келісілді. Екіншіден, мақта шаруашылықтарын дамыту мақсатында «Global Textile Solution», «TST JETISAY TEXTILE», «Cotton Мақта» және «Tulpar Textile» жобалары жүзеге асырылуда. Нәтижесінде мақта бағасына экспорттық тәуелділікті жоймақпыз. Сондай-ақ мақта дақылын рентабельділігі жоғары жүгері дақылдарымен алмастыру мақсатында «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Үшіншіден, су шаруашылығын дамыту үшін «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорынның жұмысын жүйелендіру есебінен, каналдарды қалпына келтіру және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын мерзімінде атқаруға қол жеткіздік. Нәтижесінде бюджет қаржысы 28 пайызға үнемделіп, экономикалық тиімділігі 1,5 – 2 есе жоғары болды», – деді Дархан Сатыбалды.
Өңір басшысының айтуынша, егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша өнімдерінен 3,3 млн тонна (рекорд – авт.) жиналған. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл құны 16,7 млрд теңгені құрайтын 25 жобаны іске асыру көзделсе, соның ішінде құны 14,1 млрд теңге болатын нақты 22 жоба қосылды. Нәтижесінде 396 жұмыс орны ашылды.
Салада жаңа технология кеңінен қолданылып жатыр. Қарқынды бау көлемі биыл 5 405 гектарға жеткізілді. Нәтижесінде, өнімділік 5 есеге артқан: бұрын 60-70 центнер болса, қазір 300-350 центнерге дейін өнім жиналуда.
Су үнемдеу технологиясы 31 788 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9 403 гектарға енгізіліп, суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді.
Жылыжайлардың жалпы көлемі 1 640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналды.
Дархан Сатыбалдының мәліметінше, мал шаруашылығының дамуы бойынша облыс республикада алдыңғы орында. Мал басы және өнімділігі орташа есеппен 5% өскен. Ет экспорты бойынша да облыс республикада алдыңғы орында. Ірі қара мал етінің үлесі – 85%, ұсақ мал – 60%. 10 мың тонна ірі қара мал, 4,6 мың тонна қой еті экспортталған.