Түркістан облысында 100 млрд теңгенің зауыты салынбақ
Облыс республикалық бюджетке тәуелді
Өңірде құны 100 млрд теңге болатын күкірт қышқылын өндіретін зауыт салынады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, биыл 10 айда облыстың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы оң өсім көрсеткен. Нәтижесінде өңірде 3 трлн теңгенің өнімі шығарылған.
Өнеркәсіп өнімі 2 пайыз артып, 758 млрд теңге болды. Өсім негізінен сүт, тоқыма және электр жабдықтары өндірісі негізінде қалыптасты. Түркістан облысы бөлінген кезде негізгі өндіріс орындары Шымкент қаласының аумағында қалды. Осыған байланысты облыс бюджеті толық республикалық бюджет транферттеріне тәуелді, - деді Дархан Сатыбалды ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Облыс әкімі өңірде құны 100 млрд теңге болатын зауыт салынатынын атап өтті.
Қазір облыс өнеркәсібінің негізін тау-кен өнеркәсібі, яғни уран өндірісі қамтиды. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық кәсіпорны Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Жер учаскісі анықталып, компания тарапынан техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. 2024 жылы зауыттың құрылысы басталады. Жобаның құны – 100 млрд теңгеге жуық, - деді ол.
Дархан Сатыбалды облыстың өзіндік кірісін көбейту үшін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспары барын айтты.
«Жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірісті алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейтеміз деген болжам бар. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны іске асыру жоспарланса, бүгінде 10 жоба іске қосылды», - деді облыс әкімі.