Halyq Uni логотип
×

Қазақстан мен Түрікменстан көлік байланысын нығайтпақ

Қос тарап инфрақұрылымды дамытуға ниетті

 Дәурен Ерболат 29.11.2023 | 09:46
Қазақстан мен Түрікменстан көлік байланысын нығайтпақ
Фото: Көлік министрлігі

26-27 қарашада Ашхабад қаласында транзит және логистиканы дамыту мәселелері жөніндегі Қазақстан-Түрікменстан бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысы өтті, деп хабарлады Көлік министрлігі.

Отырысқа Көлік вице-министрі Талғат Ластаев және Түрікменстан Министрлер кабинеті жанындағы Көлік және коммуникация агенттігі бас директорының орынбасары Батыр Аннаев қатысты.

Жұмыс тобының отырысы шеңберінде көлік, транзит және логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ отырыс қорытындысы бойынша Қазақстанның Көлік министрлігі мен Түрікменстан Министрлер кабинеті жанындағы Көлік және коммуникациялар агенттігі арасында көлік саласындағы өзара байланыс туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум қос ел арасындағы темір жол және теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, қолайлы тарифтік жағдайлар жасау, инфрақұрылымды дамытуды үйлестіру, өзара ақпарат алмасу үшін цифрлық шешімдерді енгізу жөнінде бірлескен шаралар қабылдауды қоса алғанда, екі елдің аумақтары бойынша тасымалдау көлемін арттыру мәселелері қамтылады.

Сонымен қатар жұмыс тобының отырысы барысында қос тарап «Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран» дәлізін бірлесіп дамыту туралы уағдаласты.

Екі тарап «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі транзиттік және экспорттық жүктер ағымының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша аталған дәліз бойынша жүктерді тасымалдау көлемі 15%-ға ұлғайып, 1,7 млн тонна болды.

Кездесу соңында екі ел арасындағы көлік, транзит және логистика саласындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығы ерекше аталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама