Түркістан түркі жұрты мен Орталық Азия елдері үшін инвестициялық климатын жақсарта түсті
Облыста өткен халықаралық форумда 1 трлн 55 млрд долларға меморандум жасалды
Түркістан – түркі жұрты мен Орталық Азия елдері үшін инвестициялық климаты қолайлы орталығына айналмақ. Өткен аптадағы TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумын осылай қорытындыласа болады. Облыс басшылығының мәліметіне қарағанда, форум барысында келіссөздер жүргізіліп, жалпы құны 1 трлн 55 млрд тенгені құрайтын 20-ға жуық мемарандумға қол қойылған.
Саланың басын алдымен агросектордан абстаса болады. Өйткені, агроөнеркәсіптік кешен облыстың жалпы өңірлік өнімінің 30%-ын құрайды. Жалпы, облыста 100 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істесе, миллионнан астам халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты.
Оның үстіне, елдегі бүкіл суармалы жердің 1/3 бөлігі облыс үлесіне тиесілі. Ал мал шаруашылығы көрсеткіштері бойынша Түркістан облысы елде көш бастап тұр. Республикада облыс үлесіне ірі қара мал басының 14%-ы, ұсақ малдың 23%-ы, жылқының 11%-ы, түйенің 14%-ы, өндірілген еттің 11%-ы және сүттің 12%-ы тиеді. Сондай-ақ, елден экспортталатын ірі қара етінің 85%-ы, қой етінің 60%-ы тағы Түркістанның еншісінде. Биылғы 10 ай 10 тонна ірі қара еті, 4,6 мың тонна қой еті сыртқа сатылған.
Сонымен қатар, республикадағы инвестициялардың өсу қарқыны бойынша да жетекші өңірлердің бірі. Облыс құрылған сәттен бастап 5 жыл ішінде өңірге 6,3 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылған. Оның ішінде түркі мемлекеттері ұйымы құрамындағы елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастар тез нығайып келеді.
Айта кету керек, Түркістан облысының Түркі мемлекеттері ұйымы елдерімен арадағы тауар айналымы былтыр 400 млн доллар құраған.
Енді сырт елдерден келген бизнес өкілдерінің әріптестікті одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстары облыс басшылығының көңілінен шығып отыр. Айталық, мақта шаруашылығы бойынша жұмыс істеп жатқан Қытай компаниясы енді металл қалдықтарынан өнім шығару жобасына қолдау сұрайды. Тағы бірқатар компания құс зауыты, ірі қара мал бордақылау мен өнімін өңдеу жобасы, кафель шығару, күн энергиясы станциясын, қант зауытын салу, жүгеріні терең өңдеу және өзге де ірі жобаларды ұсынып отыр. Солармен бірге, түркиялық компания өз тарапынан медициналық технологияларды енгізу бойынша ниетін білдірді. Оған қоса, кездесуде
Түркия мен Өзбекстан инвесторларының мақта кластерін дамыту және өзге де салалар бойынша әріптестік орнату жөніндегі ұсыныстары қабылданды.