×

«Заңда 9 басымдық бар, бірақ бәрі қағаз жүзінде». Астанада алғаш рет Орталық Азия әлеуметтік кәсіпкерлерінің құрылтайы басталды

Құрылтайға 300-ден аса әлеуметтік кәсіпкерлік өкілі жиылған

 Ербол Тұрымбет 24.11.2023 | 16:32
фото: Halyq Uni

Астанада алғаш рет Орталық Азия әлеуметтік кәсіпкерлерінің құрылтайы басталды. Онда елімізбен қатар, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан 300-ден астам әлеуметтік кәсіпкер, билік органдарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, азаматтық қоғам белсенділері қатысып жатыр.

Шара ұйымдастырушысы, Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының басшысы Эмин Әскеровтің айтуынша, бүгінде елімізде ресми дерек бойынша 260-тан астам әлеуметтік кәсіпкер жұмыс істеп жатыр. Ал бейресми деректе 15 мыңнан асады. Оның сөзінше, осы жиынға өкілдерін жіберген Орталық Азия елдерінде мұндай заң жоқ. Шараны өткізудегі мақсат – оларға қазақстандық тәжірибені жеткізу.

Айта кетерлігі, бүгінде «Даму» қоры отандық әлеуметтік кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріп келеді. Келер жылдан бастап гранттар беріледі. Жалпы, заң бойынша 9 басымдық бар. Бірақ Эмин Әскеров олардың әлі жұмыс істемей жатқанын айтады.

Салық жеңілдіктеріне келсек, ол әзірге тек мүгедектердің қоғамдық ұйымдарына ғана жүреді. Енді нақ әлеуметтік кәсіпкерлер үшін де жасау қарастырылып жатыр. Оны Ұлттық экономика министрлігі келер жылы іске қосады деп үміттеніп отырмыз. Жалпы заңда әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған 9 басымдық бар. Бұл жөнінен Ресейден де жақсы жағдайдамыз. Бірақ өкінішке қарай, соның бәрі әлі қағаз жүзінде қалып отыр, – дейді ол.

Оның айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлерге қолдау көрсету бойынша Астана бәрінен озық тұр. Ең қалыс қалып тұрғаны Қызылорда мен Түркістан облыстары, тіпті оңтүстік астанамыз да осы қатарда.

Жалпы, әлеуметтік кәсіпкер атану үшін әлеуметтік мәселелерді кәсіпкерлік арқылы шешу керек. Мәселен, осал топтарды жұмысқа алу, экология, инклюзия, медицина салаларында игі шараларды қолға алу кіреді. Сосын әр тоқсан сайын комиссия мүшелері әкімдікте жиналып, өтініштерді қабылдап, кімнің әлеуметтік кәсіпкер болатынын шешеді.

Екі-үш жыл бұрын әлеуметтік кәсіпкерліктің не екенін түсіндурі кішкене қиын болатын, қазір түсіне бастады. Өкініштісі, көп өңірде әлеуметтік кәсіпкерлер қолдау көрмей отыр. Біздің осы шараны өткізудегі мақсатымыз да сол, осы мәселені Сенатқа жеткізу, – дейді Эмин Әскеров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама