Halyq Uni логотип
×

Түркістан облысында шетелдік компаниялармен 1 трлн 55 млрд теңгеге келісім жасалды

TIF’23 – «Түркістан: туризм, инвестиция, экономика» халықаралық форумы өтіп жатыр

 Халық үні 24.11.2023 | 15:50
Түркістан облысында шетелдік компаниялармен 1 трлн 55 млрд теңгеге келісім жасалды
Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Түркістанда бизнес және туризм өкілдерінің қатысуымен TIF’23 – «Түркістан: туризм, инвестиция, экономика» халықаралық форумында ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, экспорт, логистика және IT-білім салалары талқыланып жатыр.

Халықаралық форум аясында Түркістан облысында ауқымды жиынға қатысып жатқан Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қытай, Ресейдің компанияларымен бірнеше бағытта 20-ға жуық меморандумға қол қойылды.

Түркістан облысы әкімдігінің хабалауынша, меморандумға қол қойылып, келісімдер жасалды:

  • Сауран ауданында тоңазытқыш қондырғылар өндірісін кеңейту;
  • Созақ ауданында фосфатты тау жыныстары кендерін өңдеу зауытының құрылысы;
  • «Шардара» экспорттық агроөнеркәсіптік кластерін құру;
  • Мақтаарал ауданында тоқыма кластерін құру және Келес ауданында индустриалды парк құрылысы;
  • Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын икемді генерациялау режимі бар аралас циклді газ станциясының негізінде электр станциясын салу;
  • Түсті рудаларды және металлургия өндірісінің өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу бойынша Кентау байыту комбинатын іске қосу;
  • Жетісай ауданында тоқыма фабрикасын құру; Бәйдібек ауданында тауық жұмыртқасын өндіретін құс фабрикасын құру;
  • дымқыл майлықтар мен балалар жөргектерін шығару бағытында қолданыстағы желіні кеңейту;
  • металл конструкцияларын шығаратын зауыт құрылысы.

Іс-шара мақсаты — экономикалық өсуді ынталандыру, инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, технологиялық жаңару және жергілікті бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өңірге шетелдік инвестицияларды тартуға жәрдемдесу.

Сондай-ақ форум қолайлы инвестициялық орта құру, тәжірибе алмасу және өңірдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын ынталандыру үшін бірлескен шешімдер іздеу мақсатында инвесторлар, бизнес-қоғамдастық өкілдері мен мемлекеттік құрылымдар арасында әріптестік қатынастар орнатуға бағытталған.

Ауқымды жиынға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей елдерінің беделді саясаткерлері, ықпалды кәсіпкерлері, сала көшбасшылары мен сарапшылары, инноваторлары қатысып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама