×

Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлерге қандай жеңілдіктер қарастырылған?

ҰЭМ жеңілдіктерді тізіп берді

 Ербол Тұрымбет 24.11.2023 | 15:30
фото: Halyq Uni

Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікке қатысты арнайы заң қабылданып, бизнес жүргізу үшін бірқатар жеңілдік қарастырылған. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан алғашқы Орталық Азия әлеуметтік кәсіпкерлерінің құрылтайында айтылды.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, елімізде 2021 жылы қабылданған әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заңда осы саланы мемлекеттік қолдаудың құқықтық негіздері мен механизмдері көрсетілген.

Соған байланысты әлеуметтік кәсіпкерлер елімізде салық төлеу жеңілдігіне, жеңілдетілген несие алуға, ғимаратты жалға алу көмегі мен басқа да қолдау шараларын алуға құқылы.
«Биыл Әлеуметтік кодекс қабылдау барысында осы бағытты дамыту мәселелерін ескердік. Парламент депутаттары мүгедектігі бар азаматтардың жұмысқа орналасу мен мүмкіндіктерін кеңейту жағына көңіл бөлді. Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік потенциалы бұдан да жоғары. Ол үшін аталған заңдарды әлі де жетілдіріп әрі ол орындалу керек», дейді Мәулен Әшімбаев.
Ал Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, биылғы ақпаннан бастап әлеуметтік кәсіпкерлер үшін кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылған. Мәселен, әлеуметтік кәсіпкерлер реестріне кірген кәсіпкерлік субъектілері бірқатар жеңілдетілген несиеден үміттене алады.

Мысалы,

  • пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау;
  • 1,5 млрд теңгеге дейінгі несиеге төменгі мөлшерлеме сыйақысы;
  • инвестициялық мақсаттар үшін айналымдағы қаражатын 500 млн теңгеге дейін толтыру.

Сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне инвестициялық мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін 7%-бен микронесие және айналым қаражатын толтыруға 5 млн теңгеге дейін беріледі.

Өңірлік бағдарламалар аясында «Даму» қоры мен жергілікті бюджет және басқа да қаржы көздерінен 1%-дан басталатын микронесиелерге субсидиялар қарастырылған. Сонымен қатар, 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттарды беруде әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне басымдық беріледі. Оған қоса, қаржылық емес қолдау шаралары аясында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне бизнес жүргізу үшін мынадай сервистік қолдау қарастырылған.

  • кәсіпкерлерді ақпараттық-талдау материалдарымен қамтамасыз ету;
  • іскерлік қарым-қатынас орнатуға көмектесу;
  • «Мен – кәсіпкермін» дейтін кәсіпкерлікті тиімді жүргізу бойынша оқыту.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың айтуынша, бүгінде елорданың жалпы ішкі өнімінің 2/3 бөлігі ШОБ үлесінде. Онда Астана қаласының экономикалық белсенді халқының 73%-ы немесе 500 мың адам жұмыс істейді. Әсіресе, әлеуметтік бағдарланған бизнестің жаңа форматына көшкен дәстүрлі кәсіпкерлер көбейіп отыр. Мұны елордалық әлеуметтік кәсіпкерлердің республикалық тізіліміндегі 26%-ға тең үлесі растайды. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама