×

170 мың кәсіпкер және қолайлы ауа райы: Түркістан облысы әкімі инвесторларды бірлесе жұмыс істеуге шақырды

Облыс орталығында TIF’23 халықаралық форумы өтіп жатыр

 Халық үні 24.11.2023 | 14:25
Фото: TIF’23 халықаралық форумының ұйымдастырушылары ұсынды

Түркістанда TIF’23 – «Түркістан: туризм, инвестиция, экономика» халықаралық форумы өтіп жатыр. Бұл іс-шара изнесті дамытуды ынталандыруға, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді ұсынуға, ынтымақтастықты кеңейтуге және түркітілдес мемлекеттерді жаңа әлемнің экономикалық және іскерлік орталықтарының біріне айналдыруға бағытталған.

Форум барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытудың маңызды аспектілері, стратегиялық маңызды салалар туралы айтты.

Бұл форум – біздің аймақтың болашағы мен толық өркендеуіне бағытталған идеялар, стратегиялар және жоспар алмасу үшін тамаша алаң. Туризм, инвестиция және экономика – біздің аймақтың болашағын анықтайтын стратегиялық маңызды салалар. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы ғана емес, экономиканың түрлі салаларында да жобаларды іске асыру үшін кең инвестициялық мүмкіндіктер ұсынады. Халық тығыз орналасқандықтан, аймақ үлкен кадрлық әлеуетке ие. Облыста 170 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілі жұмыс істейді. Оның ішінде 70 мыңнан астам шаруа және шаруа қожалығы бар.

Өңіріміз арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Қолайлы климаттық жағдай ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға мүмкіндік береді. Өңірде «TURAN» көпфункционалды арнайы экономикалық аймағы мен индустриалды аймақтар инвесторларға қолдау көрсетуге дайын. Бүгінгі іс-шара облысымыздың экономикалық және инвестициялық дамуына жаңа серпін береді деп сенемін», – деді Сатыбалды.

Сондай-ақ облыс әкімі қатысушыларға алғысын білдіріп, инвесторларды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Айта кетейік, 2018 жылдан бастап Түркістан облысына шамамен 6,3 млрд АҚШ доллары көлемінде өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестициялар бағытталды. Қаржыландырудың басым бөлігі жеке инвесторлар есебінен жүзеге асып жатыр. 2023 жылы 437,7 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба іске қосылып, 5 951 жаңа жұмыс орны ашылды.

TIF’23 – «Түркістан: туризм, инвестиция, экономика» халықаралық форумы ұйымдастырушыларының қатарында Түркістан облысы әкімдігі, Атамекен ҚР ҰКП, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы» ЖШС, «Turkistan Invest» ИТЭДАА» ЖШС, Түркі мемлекеттері ұйымы, Еуразия экономика ғалымдар клубы қауымдастығы бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама