×

TIF’23 – «Түркістан: туризм, инвестиция, экономика» форумында 17 меморандумға қол қойылады

Облысқа кейінгі бес жылда 6,3 млрд доллар инвестиция тартылған 

 Халық үні 24.11.2023 | 13:47
Фото: TIF’23 халықаралық форумының ұйымдастырушылары ұсынды

2018 жылдан бастап Түркістан облысына шамамен 6,3 млрд доллар көлемінде өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестиция бағытталды. Қаржыландырудың басым бөлігі жеке инвесторлар есебінен жүзеге асып жатыр.

2023 жылы 437,7 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба іске қосылып, 5 951 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл туралы Түркістан облысында алғаш рет бизнес және туризм өкілдерінің басын біріктірген TIF’23 – «Түркістан: туризм, инвестиция, экономика» халықаралық форумында айтылды.

Ауқымды жиынға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей елдерінің беделді саясаткерлері, ықпалды кәсіпкерлері, сала көшбасшылары мен сарапшылары, инноваторлары қатысып жатыр.

​Форумның пленарлық сессиясын Еуразиядағы BBC Global News басшысы Сергей Становкин модераторлық етіп жүргізіп, бағдарламаны таныстырды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытудың маңызды аспектілері, стратегиялық маңызды салалары, оның ішінде туризм, инвестиция және экономика бағыттары туралы баяндама жасап, жетістіктерін бөлісті.

Пленарлық сессияда Түркі Мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Қуанычбек Омурәлиев, «Дордой» қауымдастығының құрметті президенті Асқар Салымбеков, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов, «САУТС-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейтжанов, «Ордамед» компаниялар тобының негізін қалаушы Еркін Длимбетов пікірін бөлісті.

​Түркістанға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған әртүрлі секторлардың спикерлері, тәжірибелі тұлғаларымен байланыс орнатуға және құнды білім алуға зор мүмкіндік туындады. Өйткені халықаралық форумда бизнес пен туризмді дамыту мақсатында B2B және B2G форматындағы кездесулер, халықаралық бизнес пен инвестициялық жобалар жәрмеңкесі өткізіледі. Іс-шара аясында ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, экспорт, логистика және IT-білім сияқты негізгі салалар бойынша талқылаулар жүргізіліп, іскерлік бағдарламалар ұсынылады. Сонымен қатар, форум аясында келіссөздер жүргізіліп, жалпы құны 1 055 млрд тенгені құрайтын 17 меморандумға қол қою жоспарланған.

Айта кетейік, TIF'23 – ол бизнесті дамытуды ынталандыруға, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді ұсынуға, ынтымақтастықты кеңейтуге және түркітілдес мемлекеттерді жаңа әлемнің экономикалық және іскерлік орталықтарының біріне айналдырып, сондай-ақ жаһандық корпорацияларды, ритейл саудагерлерді стратегиялық нарыққа біріктіруге бағытталған жетекші халықаралық іс-шара. Форум ұйымдастырушыларының қатарында Түркістан облысы әкімдігі, Атамекен ҚР ҰКП, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы» ЖШС, «Turkistan Invest» ИТЭДАА» ЖШС, Түркі мемлекеттері ұйымы, Еуразия экономика ғалымдар клубы қауымдастығы бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама