МӨЗ-дер отандық нарықты авиаотынмен толық қамтамасыз ете алмайды
Көлік министрі Марат Қарабаев авиаотынмен қамтамасыз ету бойынша жиналыс өткізді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Оған әуежайлар мен әуе компанияларының өкілдері қатысты.
Отандық мұнай өңдеу зауыттарының (МӨЗ) өндірістік қуаты Қазақстанның авиаотынға деген қажеттілігін өтемейді. Сондықтан еліміз жыл сайын Ресейден 300 мың тоннаға дейін авиаотын импорттауға мәжбүр. Осыған байланысты Көлік министрлігі Қытайдан және басқа да көрші елдерден JET A-1 маркалы авиаотын импортын әртараптандыру мәселесін пысықтап жатыр, - деп жазылған хабарламада.
Бейінді мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен өткен кеңес барысында Қазақстандағы әуежайлардың инфрақұрылымы JET A-1 авиаотынын пайдалануға дайын екені айтылды.
Алматы халықаралық әуежайы өкілдерінің айтуынша, кәсіпорын жанармай құю кешенін жаңғырту жұмысын жүргізіп жатыр. Нәтижесінде 2024 жылдың маусымына қарай әуежайдың ASTM D1655 әлемдік стандарты бойынша шығарылатын авиаотынды пайдалануға мүмкіндігі толық жетеді.
Сондай-ақ PTC Holding компаниясы отандық теміржолдардың өткізу қабілеті ай сайын 50 мың тоннаға дейін JET A-1 авиаотынын тасымалдауға мүмкіндік беретінін хабарлады.
Жиналыс қорытындысы бойынша Марат Қарабаев әуежайлар мен әуе компанияларының өкілдеріне, мүдделі мемлекеттік органдарға нақты тапсырма берді.