Америкалық тарап ресейлік мұнай импортына баж салығын енгізуді ұсынды
Бейсенбіде «Жетілік» (G7) елдерінің қаржы министрлері мен орталық банк басшылары ресейлік мұнай импортына ықтимал шектеулердің сипаты туралы ортақ пікірге келе алмады. Бұл туралы журналистерге АҚШ қаржы министрі Джанет Йеллен Бонн маңындағы Кенигсвинтер қаласындағы Петерсберг қонақ үйінде өтіп жатқан екі күндік кездесудің бірінші күнінің қорытындысы бойынша хабарлады.
Оның айтуынша, америкалық тарап Ресейден келетін энергия көлемін сақтай отырып, Мәскеудің кірісін шектеу үшін ресейлік мұнай импортына баж салығын енгізу туралы ұсыныс жасады. Бұл ретте Еуропа елдерінің өкілдері жыл соңына дейін кезең-кезеңімен эмбарго енгізуге ұмтылды. Йелленнің айтуынша, ресейлік мұнайды сатып алушылар қара алтынды бағасы белгілі бір деңгейден асып кеткен жағдайда сатып алмау туралы келісімге келе алады.
Шындығында әзірге айқын стратегия ретінде көрінетіндей ешқандай да шешімге келе алмадық, – деп мәлімдеді министр.
Йеллен кездесудің бірінші күнінде Ресейдің Еуропаға мұнай экспортынан түсетін кірістерін қысқарту тетіктері аз талқыланғанын, бірақ бұл ұсынысқа қызығушылықтың зор екенін баса айтты.
Дегенмен ЕК Венгрия мен Словакияға 2024 жылдың соңына дейін ресейлік мұнайды сатып алуға рұқсат беруді ұсынды.
Бұған дейін агенттік «Үлкен жетілік» елдері Украинаға 18,4 миллиард доллар көлемінде қаржылық көмек көрсету туралы шешім қабылдағанын хабарлаған. Америкалық министр бұл көрсеткішті растаудан бас тартқанымен, бөлінген қаржы көлемі 15 миллиард доллардан асатынын баса айтты.
Айта кетсек, Венгрия ресейлік мұнайдан бас тарту Еуропа үшін апатты болады деп есептейтін бірқатар басқа елдердің қолдауымен мұнай эмбаргосына қарсы болып отыр.