Туризм, инвестиция, экономика: Түркістанда алғаш рет халықаралық форум өтеді

Ербол Тұрымбет

Жиынға мыңға жуық бизнес өкілі қатысады

көрнекі фото: sk.kz

24-25 қарашада Түркістан қаласында алғаш рет «Түркістан: туризм, инвестиция, экономика» атты халықаралық форум өтеді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, форум барысында жаңа бизнес идеялар, нарықтағы сұранысқа ие салалар, шағын және орта бизнестің ауқымын ұлғайту, бизнестегі  иновациялар, нетворкинг тақырыптары қамтылмақ.

Форумға «Freedom Holding Corp» негізін қалаушы Тимур Турлов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев және басқа да танымал тұлғалар қатысады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Түркия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжаннан да кәсіпкерлер келмек. Жалпы, жиынға мыңға жуық бизнес өкілі қатыспақ.

Форумда сарапшылар қатысуымен сессиялар, B2B, B2C форматындағы пікірталас өткізу және пленарлық отырыстар жоспарланған. Сонымен қатар, форум аясында инвестициялық жобалар жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

Бұл шаралар шағын және орта бизнестің рөлін нығайтуға, өңірдің негізгі салаларына инвестиция тартуға, адами капиталдың әлеуетін арттыруға арналады.

Шараны ұйымдастырушылар осы форумды Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ, Қытай және Жібек жолы елдерінің нарығына шығатын өңірлік жетекші инвестициялық форум және платформа ретінде бекітуді көздейді.

Сондай-ақ жиын аясында іскерлік қарым-қатынас ортану жағы да қарастырылған.

Қатысушылар халықаралық және өңірлік инвесторлармен ынтымақтастық пен серіктестік байланыс орната алады.