Сианьда қазақстандық павильон ашылды
Бас консулдық пен жергілікті палата осыған уағдаласты
Қытайдағы ҚР Бас консулдығы «Жібек жолы 7-халықаралық форумына» және Қытайдың «Шығыс-Батыс» ынтымақтастық, инвестициялық және сауда көрмесіне белсенді қатысты. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі жариялады.
Көрме аясында Бас консулдық Сиань қаласы Сауда-өнеркәсіп палатасының қолдауымен тұрақты жұмыс істейтін қазақстандық павильон ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Қазақстандық көрме павильонының ашылу және тұсаукесер рәсіміне Шэньси провинциясы губернаторының орынбасары мен Алматы облысының әкімі және басқа да көптеген жоғары дәрежелі қонақтар қатысып, көрмеге келушілерді қазақ халқының бай мәдениетімен, дәстүрлерімен және отандық өнімдерімен таныстырды.
Сонымен қатар, шара аясында ҚР Бас консулдығының бастамасымен Сиань қаласындағы дипломатиялық миссия ғимаратында Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, қаржы институттары мен жеке инвестициялық компаниялар өкілдерінің қатысуымен бизнес-конференция ұйымдастырылды. В2В келіссөздер барысында мүдделі тараптар экономиканың түрлі салаларындағы тығыз ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға шынайы қызығушылық танытты.
Келіссөздер нәтижелері бойынша құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты басқару, ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығын дамыту, азық-түлік тауарларының импорты мен экспорты және т.б. салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы 15 келісім мен меморандумға қол қойылды.