Қазақстан 2029 жылға дейін кемі $150 млрд шетелдік инвестиция тартуға мүдделі – Смайылов

Динара Амантай

1 қаңтардан бастап тексерулер адами факторсыз тағайындалатын болады

Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов әр жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының басшыларын, қаржы секторының өкілдерін, саясаткерлер мен сарапшылардың басын қосатын VI Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстелге қатысты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Осы жылдар ішінде KGIR өзін Қазақстан мен халықаралық инвестициялық қоғамдастық арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін тиімді диалог алаңы ретінде көрсете алды.

Биыл күн тәртібіне инновациялық технологияларды пайдалану, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік-логистикалық әлеуетті дамыту, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту, т.б. мәселелер ұсынылған.

Іс-шараға Ұлыбритания, Вьетнам, Германия, Канада, Катар, Қытай, БАӘ, Сауд Арабиясы, АҚШ, Түркия, Франция, Чехия және басқа да бірқатар ел өкілдері келді.

Премьер-министрдің айтуынша, Орталық Азиядағы шетелдік инвестициялардың 70%-ы Қазақстанға тиесілі.

Өткен жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 18%-ға өсіп, 28 млрд долларға жетті. Биылғы 6 айда ұлттық экономикаға тағы 14 млрд-қа жуық доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Еліміздің тәуелсіз несиелік рейтингінің тұрақтылығын Fitch, S&P және Moody's халықаралық агенттіктері растап отыр, — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында жаңа экономикалық модельге көшу қажеттігін жариялағанын еске салды. Атап айтқанда, Үкімет алдына 2029 жылға қарай экономика көлемін 450 млрд долларға дейін, яғни 2 есе арттыру бойынша ауқымды міндет қойылды.

Инвестицияларды тарту – экономикамыздың өсуінің негізгі факторы. Ұлттық инвестициялық саясат шеңберінде ESG стандарттарын ескере отырып, Қазақстан 2029 жылға дейін кемінде 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тартуға мүдделі. Сол үшін біз инвесторларға қолайлы жағдайлар жасауды, оның ішінде инвестицияларды қолдау құралдарын жетілдіруді одан әрі жалғастырамыз, – деді премьер-министр.

Мәселен, кәсіпкерлік қызмет саласында бизнеске қойылатын артық талаптарды алып тастауды көздейтін жаңа реттеуші саясат енгізіліп жатыр. Тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру нәтижесінде 1 қаңтардан бастап тексерулер адами факторсыз тағайындалатын болады. Жаңа Салық кодексінде өңдеуші секторды дамыту бойынша ерекше шаралар көзделіп отыр.

Сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа кешенді бағдарламасы әзірленіп жатыр. Отандық өнеркәсіпті дамыту үшін сатып алуларда оффтейк-келісімшарттардың үлесін 10%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Инженерлік-коммуналдық жүйелерді жаңғырту мақсатында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оның аясында алдағы 6 жылда 3 трлн теңгеге жуық инвестиция тарту көзделіп отыр.

Жобаларды сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары әзірленіп жатыр. Күрделі мұнай-газ жобаларына инвестицияларды тарту мақсатында биылдан бастап Жақсартылған модельдік келісімшарт аясында қаржылай ынталандыру механизмі енгізілді. Басым салалардағы құны $50 млн-нан асатын инвестициялық жобалар үшін 25 жыл ішінде Қазақстан заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беретін Инвестициялар туралы келісім бекіту мүмкіндігі бар. Бүгінде жалпы құны $1,5 млрд-ты құрайтын 6 инвестициялық келісімге қол қойылды, — деді Әлихан Смайылов.

Оған қоса Қазақстанда $500 млн-нан астам соманы инвестициялау кезінде 10 жылға салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беретін Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім енгізілді.

Жобаларға тиімді мониторинг жүргізу және іске асыруды бақылау мақсатында инвестициялық жобалардың Жалпыұлттық пулы құрылды. Оған $69 млрд-тан астам соманы құрайтын 1 мыңға жуық жоба кірді, — деді премьер-министр.

Ол сондай-ақ экспорт пен импортты алмастыруға бағытталған терең өңдеу кластерлерін дамыту үшін 20-дан астам аса ірі жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар барлық мемлекеттік органдардың инвестициялық жобалар тарту және іске асырудың бірыңғай онлайн жүйесіне интеграциялануын қамтамасыз ететін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа құрылады.

Әлихан Смайылов бүгінде 83 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алатынын, ал 109 мемлекеттің резиденттері үшін электрондық визалар ресімдеу қолжетімді екенін еске салды. Бұған қоса ерекше инвесторлық визалар қарастырылған. Сондай-ақ елде бизнес үшін өңірдегі теңдесі жоқ қызметтерді ұсынатын бірегей бизнес алаңы – «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді.

Бұл қадамдардың барлығы елдің инвестициялық әлеуетін ашуға және нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған. Қазақстан әлемдік стандарттарға сәйкес инвестициялық климатты одан әрі арттыру үшін бар күшін салады. Сондай-ақ, инвесторлардың сұраныстарына сәйкес қосымша керекті қолдау шараларын тұрақты түрде енгізетін боламыз. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Қазақстан экономикасына белсенді инвестиция салуға шақырамыз, —деп түйіндеді сөзін премьер-министр.