Мұнай-химия – Қазақстанның батыс өңірлерін дамыту драйвері
Былтыр батыс өңірлердің Қазақстанның ЖІӨ-дегі үлесі 35,4% болды
Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарын қамтитын Қазақстанның батыс өңірлері ел экономикасында маңызды рөлге ие. Олар – мұнай мен газдың негізгі өндірушілері, сондай-ақ маңызды ауылшаруашылық аймақтары.
2022 жылы батыс өңірлердің Қазақстанның ЖІӨ-дегі үлесі 35,4% болды. Өңірдің ЖІӨ құрылымында мұнай-газ секторы басым, оның үлесіне 50%-дан астамы кіреді. Өңірде машина жасау, металлургия, тамақ өнеркәсібі сияқты өнеркәсіп салалары да дамыған. Ақтөбе облысында Қазақстандағы ең ірі «Ақтөбе» металлургиялық комбинаты, Атырау облысындағы Атырау мұнай өңдеу зауыты да орналасқан.
Мұнай өндіретін аймақтарда мұнай-химия саласын дамыту және дайын тауар күйінде сатудың экономикаға тиімді болатыны сөзсіз. Ол аймақтың артықшылықтарына мамандардың шоғырлануын, шикізат көздерінің орналасуын және инфрақұрылымның болуын жатқызуға болады. Бұл мақсатта іске асырылып жатқан жұмыстар аз емес, дегенмен мұнай-химияның әлеуеті әлі де зор. Мысалы, қазақ елі соңғы 5 жылда 1,5 миллион тоннадан артық полиэтилен өнімдерін тұтынған. Оның басым бөлігі Ресейден, қалғаны Қытай, Өзбекстан сияқты көршілерден тасымалданады.
Сарқыт салатын пакеттен бастап, арзан ыдыс-аяқ атаулының бәрі – ілеспе мұнай газын өңдеуден алынған өнім. Бұдан бөлек, құрылыс, ауыл шаруашылығы, медицина сияқты маңызды саланың барлығы осы мұнай-химия өнімдері: полиэтилен мен полипропилен өнімдеріне тәуелді. Қазақ мұнайына жауапты мамандар дәл қазір осы мәселеге бас қатырып жатыр.
Valuates reports сарапшыларының айтуынша, 2029 жылға дейін мұнай-химия өнеркәсібінің әлемдік нарығы 142 миллиард доллардан асады. Мұндай несібеден қазақ та қағылып қалмауы керек. Алысты айтпай-ақ, көрші Өзбекстан мұнай-газ-химия өнеркәсібі кешенін салып тастады. Олар осы күні жылына 600 мың тонна полиэтилен мен полипропилен шығаруға қауқарлы.
Ресейдің «СИБУР» компаниясы, Қытайдың «Sinopec» мұнай-химия кешені жаһандық нарықта күшейіп барады. Сол алпауыттармен бірге еліміз Атырауда «Silleno» деп аталатын мұнайгаз-химия кешенін салуды бастап отыр. Оның құрылысы 2028 жылы аяқталады. Негізгі серіктестер ретінде Ресейдің «СИБУР» компаниясы мен Қытайдың «Sinopec» кешені қатысып жатыр. Бұл екі кәсіпорынның таңдалуы бекер емес.
Ресейлік «СИБУР» әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан мұнай-газ химия компанияларының бірі болса, «Sinopec» – Қытайдағы мұнай мен газдың екінші ірі өндірушісі, ірі мұнай өңдеу компаниясы және әлемдегі үшінші ірі химиялық компания.
Соңғы 15 жыл ішінде «СИБУР» полимер өңдеушілердің импортқа тәуелділігін төмендетіп, жалпы қайта өңдеуді дамытуды ынталандыра отырып, ағымдағы өндірісті дамытуға және жаңа өндірісті құруға 1,5 трлн рубль инвестициялады. Мысалы, компания Атырауда полимер өнімдерін өндіретін индустриялық аймақ құру бойынша стратегиялық серіктестердің біріне айналды. Мұнда технопарк құру және соңғы полимер өнімдерін өндіру бойынша шағын және орта бизнес кәсіпорындарын дамыту жоспарланған.
Екеуінің де мұнай-химия саласындағы тәжірибесі зор. Олардың мемлекетке зауытты салып қана қоймай, оны іске қосатын инженерлерге дейін дайындауға көмектесетіні айдан аңық.
Қазақ тарихындағы тұңғыш мұнай-химия өнеркәсібі зауытының құны 7,7 миллиард долларға бағаланып отыр. Егер бұл жоба іске асса, шығынын саусақпен санарлық қысқа мерзімде өтеп алады. Өйткені бұл жобаға мұнай-химия өнеркәсібіндегі соңғы үлгідегі технология қолданылады. Полиэтиленнің әлемдік нарықтағы ақша айналымы 150 миллиард долларға дейін жететіні айтылды. Демек, қазақ мұнай-химия өнеркәсібінің болашағы жарқын. Дегенмен, мұнай-химия саласында жұмыс істейтін маман жоқтың қасы.
Сондықтан Атыраудағы, Павлодардағы, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыттарының маңайынан практикалық оқыту процесін жолға қойған жөн. Шикі мұнайды сатқаннан гөрі, оны терең өңдеп сатса, халық пен бюджеттің бүйрі шығар еді. Ал бұл – мұнайлы өңірлер басшыларының осы мәселені жергілікті халықпен бірлесе, ақылдаса отырып бірыңғайлайтын уақыты жетті деген сөз.