Абай облысы 10 айда жоғары экономикалық өсім көрсетті

Халық үні

Өңірде инвестициялық жобалардың саны артты

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Үкіметтің 2023 жылғы қаңтар-қазан кезеңіндегі әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелеріне арналған отырысында Абай облысының барлық экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика көрсеткені атап өтілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Осы жылдың он айының қорытындысына сәйкес, Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9% болды. Оның ішінде нақты сектор – 3,8%, ал қызмет көрсету саласы – 5,4% өсті. Салалар арасында ең жоғары өсімді құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс пен көлік саласы көрсетті.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,6% болды. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Маңғыстау, Абай, Түркістан және Павлодар облыстарында байқалды.

Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда тауар айналымы 2,4%-ке өсіп, 102 млрд долларды көрсетті. Экспорт 57 млрд-тан астам долларды құрап, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 18 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 44 млрд-тан астам доллар болды. Жалпы, оң сауда балансы 13 млрд долларға тең, – деді Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров.

Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,2 пайызға өскен. Көрсеткіштің артуы 12 өңірде тіркелді, соның ішінде ең жоғарғы нәтижені Қызылорда, Қостанай, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті.

Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5%-ке ұлғайып, 18 өңірде оң өсу тіркелген. Әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Маңғыстау, Жетісу, Батыс Қазақстан және Абай облыстарында тіркелген.

Барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсу 5 өңірде – Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу және Қызылорда облыстары мен Алматы қаласында тіркелді.

Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов барлық өңірлер нысаналы көрсеткіштерге жетуді қамтамасыз етіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруы қажет екенін атап өтті.

Экономиканың өсу траекториясын сақтай отырып, барлық нысаналы көрсеткіштерді қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері осы жылға бөлінген қаражатты уақтылы игеруге көңіл бөлуі тиіс, – деді Әлихан Смайылов.