Halyq Uni логотип
×

Министр 10 айда экономикалық өсім көрсеткен өңірлерді атады

Үкімет отырысында қай салаларда өсім болғаны жарияланды

 Дәурен Ерболат 15.11.2023 | 09:33
Министр 10 айда экономикалық өсім көрсеткен өңірлерді атады
Фото: Halyq Uni

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында биыл қаңтар – қазан айлары аралығындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өсімі туралы есеп берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрдің айтуынша, 10 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9% болды. Оның ішінде нақты сектор – 3,8%, ал қызмет көрсету саласы 5,4% өскен.

«Салалар арасында ең жоғары өсім: құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ көлік. Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсу қарқыны 12,6% болды. Инвестиция ағыны көлік және қоймалауда – 58%, денсаулық сақтауда – 40%, саудада – 38%, білім беруде – 18%, ауыл шаруашылығында – 8,7%, өнеркәсіпте – 8,3% өсім тіркелді. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Маңғыстау, Абай, Түркістан және Павлодар облыстарында байқалды», - деді Әлібек Қуантыров.

Биыл қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда тауар айналымы 2,4% өсіп, 102 млрд доллар болды. Экспорт 57 млрд доллардан асып, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 18 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 44 млрд доллардан асты.

2023 жылғы 10 айда 13,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 14% жоғары. Ең жоғары көрсеткіш Ұлытау және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында тіркелді, - деді министр.

Министрдің айтуынша, 5 өңірде барлық (жеті) экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсім байқалған: Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама