Үкімет Сауд Арабиясымен бірлескен инвестициялық жобаларды жедел іске асырмақ
Мемлекеттік органдар тарапынан барлық қажетті шешімдерді бір күнде әзірлеу қажет
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Сауд Арабиясы Корольдігімен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Атап айтқанда, Жетісу облысында қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жел электр станциясын салу жобасы талқыланды. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы келісімге қол жеткізілгеннен кейін, 2025 жылы құрылысты бастау жоспарланған.
Премьер-министр әкімшілік рәсімдерді жеделдетуді және орталық мемлекеттік органдар тарапынан барлық қажетті шешімдерді бір күнде әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ кеңесте ауыл шаруашылығы, фармацевтика, металлургия және т.б. салаларда жаңа жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Әлихан Смайылов Сауд Арабиясының инвесторларымен жұмысты барлық деңгейде жандандыру қажеттігін, атап айтқанда, Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Жиддадағы дипломатиялық өкілдігі, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар белсенді позицияны ұстануы, сондай-ақ әлеуетті жобалар пулын мұқият зерделеуі қажет екенін атап өтті.
Премьер-министр Үкіметаралық комиссияның таяуда болатын отырысы қарсаңында екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен тақырыптық бизнес-форум ұйымдастыруды тапсырды.