Sony PS аккаунты Қазақстанды неге ашылмайды? - министрлік себебін түсіндірді
Жапониялық компания министрлікке жауабын берген
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш вице-министрі Асхат Оразбек елімізде Sony Playstation аккаунты неге бірден ашылмайтынын түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұған дейін қазақстандық ойыншылар Playstation Store-дан (онлайн дүкен) ойын сатып алу мүмкін емес екенін айтқан. Осыған байланысты Қазақстанның Жапониядағы елшілігі Sony компаниясымен келіссөзді бастаған болатын. Бұл мәселе туралы биыл наурызда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин айтқан еді.
Сенаттың жалпы отырысында депутат Геннадий Шиповских аталған мәселені қайта көтерді.
Креативті индустриядан қомақты табыс тауып отырған алпауыт Sony компаниясы өнімдерінің тізімінде тәуелсіз ел бола тұра, Қазақстан жоқ. Тіпті біздің креативті индустрияның белсенділері еліміздің атынан Sony өнімін сатып ала отырып, (Sony Playstation) аккаунтын да аша алмайды. Себебі Қазақстан ол тізімде жоқ. Мұны қалай түсінуге болады? - деді сенатор.
Бірақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш вице-министрінің қазақ тіліндегі жауабы түсініксіздеу болды.
Sony Playstation-ға тоқталайын. Sony Group Corporation ақпаратты бізге берді. Ресей азаматтарында біздің отандық банктердегі есепшоттарды жеңіл аша алады. Сондықтан Sony компаниясы біздің өңірде, жалпы Орталық Азияда Sony Playstation аккаунтын ашу жоспары қазір жоқ, - деді Асхат Оразбек.