Halyq Uni логотип
×

Сарапшы Қазақстан - Ресей арасындағы экономикалық қарым-қатынасқа шолу жасады

Былтыр еліміз РФ-дан шамамен 17 млрд долларға тауар сатып алған

 Халық үні 09.11.2023 | 21:12
Сарапшы Қазақстан - Ресей арасындағы экономикалық қарым-қатынасқа шолу жасады
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) қатысты мәселе өте көп. Қазақстан өз мүддесін қорғауы керек. Бұл туралы GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық айтты, деп хабарлады Halyq Uni.

Ол Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапарына және екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасқа шолу жасады.

Сарапшының айтуынша, қос ел 2022 жылдың қорытындысы бойынша 28 млрд доллар сауда жасаған. Бұл 2021 жылмен салыстырған 6,5 пайызға өскен. 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда тауарлардың экспорты 9,7 млрд доллар (24,3 пайызға артық) болса, импорт – 18,6 млрд доллар (0,9 пайызға аз) болды.

Көңіл көнжітетіні экспортымыз едәуір өскен. Дей тұрғанмен сатып жатқанымызға қарағанда, сатып алып жатқанымыз әлі де көп. 18,6 мрд доллардан 9,7 млрд долларды алсақ, біз 8,9 млрд долларға ұтылып тұрмыз. Ал бір жыл бұрын 2021 жылдың қорытындысы бойынша 18 млрд долларға тауар алсақ, 6 млрд доллар ғана сата алған едік. Ол кездегі айырма 12 млрд доллар болатын. Демек 3 млрд долларға қысқарта алғанымыз оң үрдіс екенін атап өту қажет. Бірақ бәрі жақсы болды деп айту әлі ерте, - деп жазды сарапшы Facebook-тегі парақшасында.

Мақсат Халық ЕАЭО-ға қатысты мәселеге тоқталды.

Еуразиялық экономикалық одаққа да қатысты мәселелер өте көп. Екі жақты ауыл шаруашылық өнімдерін дамытамыз деп жатыр, хош делік. Алайда ол біздің шаруалардың өнімдерін Ресейге өткізе алмауымен ұласса, ол да бекер болатыны анық. Ресей азық-түлік өнімдері бойынша біздің нарықта демпинг жасайтыны бар. Сондықтан бұл тұста ұлттық экономикалық қауіпсіздігімізді алға тартып, протекционистік саясатты ұстануымыз қажет, - деді ол.

Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы баж салықтарын бөлу мәселесін Қазақстан көтеріп, өз пайдасынан қағылмауы керек.

Ресей түскен салықтың 85 пайызын әлі алып отыр, Қазақстан болса әлі небәрі 7 пайызын ғана алады. Ресейге салынған санкциялардан ортақ қорға түсетін түсімі азайды, ал Қазақстанның үлесі артып отыр, Сондықтан біз өз мүддемізді қорғауымыз қажет, - деді Мақсат Халық.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама