Әлем халқы жаппай электромобиль мінсе, Қазақстан өндірісі дамиды – Шарлапаев
Мыс өндірісі 2 есе артуы мүмкін
Әлем халқы жаппай тоқпен жүретін автокөлік мінсе, Қазақстанда түсті металлургия өндірісі жоғары қарқынды дамиды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство басшысы бүгінде машина жасауға қатысты қандай жобалар қарастырылып жатқанын айтты.
«Инвесторларды іздеу тұрғысынан белгілі бір жұмыс жүргізілді. Біз басымдық берілген жобаларды іске асыру үшін бірнеше жоба болу керектігін түсінеміз. Қазақстан өзінің ресурстық базасы есебінен бәсекеге өте қабілетті мемлекет саналады. Мысалы, мысты алайық. Бүкіл әлем жасыл экономикаға, автомобильдерге арналған электр қозғалтқыштарға көшіп жатыр. Орта есеппен Tesla және басқа электромобильдерде 2-3 электр қозғалтқышы бар. Оған шамамен 14-15 келі мыс орамасы керек», - деді министр Сенаттың жалпы отырысында.
Қанат Шарлапаевтың пікірінше, бұл нарықтың болашағы зор.
Аталған нарықтың өсу шегі әлі анықталмады. Егер бәрі тоқпен жүретін көлікке ауысса, жаһан елдері қол қойған халықаралық келісімдер аясында жасыл экономика мақсатына қол жеткізгісі келсе, әлемде мыс өндірісі екі есе артуға тиіс. Осыған байланысты біз катодты мыс сияқты дайын өнімді шығаратын болсақ, нарықтың дамуы үшін Қазақстанда жеткілікті әлеует бар деп санаймыз.
Екінші маңызды элемент – маңызды (критический) минералдар. Мәселен, автомобиль қозғалтқыштарына арналған батареялар осыдан жасалады, - деді ведомство басшысы.
Бұған дейін министр Қазақстанда болат өндіретін электрометаллургиялық зауыт пен мыс балқыту зауыты іске қосалытынын айтқан еді.