Министр елімізде іске асатын ірі жобаларды атады
Қазақстан жолаушылар вагонын шығарады Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысында министр Қазақстанда 15 ірі жобаны іске асыру туралы депутаттардың сауалына жауап берді.
Қанат Шарлапаев өңдеу өнеркәсібіне талдау жасалғанын атап өтті.
«Былтыр елге 47,2 млрд доллардың өнімі импортталды. Импорттың жалпы көлемінің жартысына жуығы машина жасау саласына тиесілі – 20,1 млрд доллар (компьютерлер, электронды және оптикалық өнімдер, машиналар мен жабдықтар, автокөлік, тіркемелер, электр жабдықтары). Одан әрі химия өнеркәсібі (4,5 млрд доллар), тамақ өнеркәсібі (3,8 млрд доллар), қара металлургия (2,8 млрд доллар) қамтылған.
Бұл фактілер өңдеуші өнеркәсіпті дамыту үшін бірінші кезекте ішкі нарықтың шетелдік тауарларға сұранысын қысқарту мен экспортты ұлғайту бағытында әлеует барын айғақтайды. Талдау негізінде біз инвестициялық, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі салаларындағы жобалар тізімін қалыптастырдық. Олардың бір бөлігі іске асырудың белсенді кезеңінде, бір бөлігі дайындық кезеңінде», - деді ведомство басшысы.
Министрлік ірі инвестициялық жобаларды пул құрамына қосу үшін металдарды терең өңдеу, ауыр машина жасау, автокомпоненттер мен тыңайтқыштар өндіру бойынша алдын ала 20-ға жуық жобаны ұсынған.
«Мәселен, қара металлургияда инвестиция көлемі 920 млрд теңгеге (1,9 млрд доллар «ССГПО» АҚ) ыстық брикеттелген темір өндіру жобасы ұсынылды. Өндірісті іске қосу темір кені шикізатын қайта өңдеуді тереңдетеді және отандық болат зауыттарын қажет шикізатпен қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ арнайы мақсаттағы болат өндіретін электрометаллургиялық зауыт (инвестиция көлемі – 262 млн доллар, «Казахсталь» компаниясы). Дайын өнімнің (қуаты 1,2 млн тонна, 1 мың 45 адамды жұмыспен қамту жоспарланған) шамамен 80%-ы (270 млрд теңге) ішкі нарыққа, атап айтқанда теміржол машина жасау және оның құрамдас бөліктері (локомотивтер, вагондар мен компоненттер) үшін жеткізу жоспарланып отыр.
Түсті металлургияда инвестиция көлемі шамамен 600 млрд теңге болатын мыс балқыту зауытын (KAZ Minerals/ NFC) іске қосу жоспарланған. Катодты мыс жобасын іске асыру нәтижесінде Қазақстан әлемнің бес өндірушісінің (Қытай, Жапония, Чили және Ресей Федерациясынан кейін) қатарына кіреді», - деді Қанат Шарлапаев.
Министр елімізде жолаушыларға арналған вагон шығарылатынын жеткізді.
Теміржол саласында Stadler Rail AG (Швейцария) компаниясымен бірлесіп, жолаушылар вагондарын шығару жөніндегі жоба іске асырылмақ. Жоба 100 пайызға импортты алмастырады.
Елімізде басқа да жобаларды (көмір химиясы, металл өңдеу, алюминийді қайта өңдеу және т.б.) іске асыру қажет екенін ескеріп, бұл тізім толықтырыла түседі. Талдауға сәйкес, біз инвесторларды тарту үшін Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп әлеуетті жобаларды пысықтап жатырмыз. Бұл жобалар капиталды қажет етеді және жоғары технологиялық санатқа жатады, - деді ведомство басшысы.