Halyq Uni логотип
×

Қазақстанды нан, ұнмен толық қамтамасыз ететіндей астық жиналды – АШМ

Министр биыл фермерлерге оңай болмағанын айтты

 Дәурен Ерболат 07.11.2023 | 10:32
Қазақстанды нан, ұнмен толық қамтамасыз ететіндей астық жиналды – АШМ
фото: Голос народа

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егін жинау науқаны аяқталғаны жайлы Үкіметке есеп берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрдің айтуынша, биыл фермерлерге оңай болмаған.

Жекелеген өңірлердегі аптап ыстықтан кейін негізгі астық егетін өңірлерге келген нөсер жаңбыр 25 күннен аса уақытқа созылды. Жауын-шашын нормасы жылдық орташа көрсеткіштен 3 есе артық (22 мм-ден 65 мм-ге дейін) болды.

Бүгінде Үкімет осының салдарын барынша азайту бойынша барлық қажет шараны қабылдады. Барлық туындаған мәселені жедел шешу үшін министрлік жанынан жедел штаб құрды. Оған жергілікті атқарушы органдардың, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері кірді, - деді Айдарбек Сапаров.

2023 жылы жалпы ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын алаң 24 млн гектар болды. Оның ішінде астық жиналатын алаң – 17,1 млн га.

«Биыл егін жинау науқанына шамамен 150,0 мың бірлік трактор, 39,0 мың астық жинайтын комбайн, 14,0 мың орақ және 140,0 мың бірлік басқа техника қатысты.

Қазір еліміздің барлық өңірінде астық жинау аяқталу сатысында. Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша орташа өнімділігі 9,7 ц/га бастапқы салмақта 16,4 млн тонна астық бастырылды, оның 11,4 млн тоннасы бидай (өнімділік 8,6 ц/га). Бидай жиналатын алаң – 13,4 млн га, өнімділігі 8,6 ц/га, 11,4 млн тонна бастырылды.

Майлы дақылдар – 1,9 млн га немесе 68%. Орташа өнімділігі 8,4 ц/га болғанда 1,6 млн тонна май тұқымы жиналды. Оның ішінде күнбағыс орташа өнімділігі 11,6 ц/га болып, 747,5 мың тонна бастырылды», - деді министр.

Сондай-ақ 168,8 мың га аумақтан картоп жиналды. Жалпы алым өнімділігі 206,4 ц/га, 3,5 млн тонна болды. Көкөніс дақылдары 162,4 мың га алаңнан жиналды. Жалпы алым – 263,7 ц/га өнімділігі – 4,3 млн тонна.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жалпы жиналатын астық – 16,0 млн тонна (бидай 11,3 млн тонна), 3,0 млн тонна көлеміндегі ауыспалы астық қалдықтарын ескерсек (1 қазандағы жайдай бойынша), елді нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті, - деді Айдарбек Сапаров.

Сондай-ақ қазір лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 4,7 млн тонна астық жиналған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама