Halyq Uni логотип
×

«Қымбатшылыққа әкеледі»: Астаналық кәсіпкерлер карантиндік сертификатқа наразы

Кәсіпкерлер сертификат алуда бірқатар қиындықтарға тап болады

 Айнұр Шошаева 06.11.2023 | 12:32
«Қымбатшылыққа әкеледі»: Астаналық кәсіпкерлер карантиндік сертификатқа наразы
Коллажда пайдаланылған фотолар: baq kz, sputniknews.ru

Биыл жыл басынан бері Астанада жеміс-жидекті фитосанитарлық және карантиндік сертификатсыз сатқаны үшін кәсіпкерлерге 17 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Кәсіпкерлер бұл айыппұл базардағы өнім бағасының көтерілуіне әкелетінін айтып отыр, деп хабарлайды Hаlyq Uni.

Астана қаласы бойынша Кәсіпкерлер палатасының сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің төрағасы Нұрлан Нұрмағамбетовтың айтуынша, базардағы кәсіпкерлер жеміс-жидекке карантиндік сертификат алу кезінде бірқатар қиындықтарға тап болады. 

Бұған дейін «Шарын» базарында оқыту жүргізген едік. Дегенмен әлі де бірқатар қиындықтар туындап отыр. Соның бірі - карантиндік сертификатты алу мәселесі. Мәселен, шетелдік көкөністер мен жемістер кедендік бақылау пунктінен өткенде фитосанитарлық сертификат алады, ол кезде ешқандай қиындық жоқ. Ал отандық кәсіпкерлер өз өнімін тасымалдау кезінде карантиндік сертификат алуы кезінде қиындық туындайды. Біріншіден, фитоанитарлық сертификат алуы керек, - деді ол. 

Оның айтуынша,  карантиндік сертификат алуға өтініш электрондық үкімет порталы арқылы онлайн түрде беріледі. Алайда егістіктер мен көкөніс-жемістерді өсіру орындарында интернет бола бермейді. 

Интернет болған күннің өзінде өнімді жөнелтетін автокөлік табу мәселесі туындайды. Себебі өтініш берген кезде  өнімді жөнелтілетін көліктің мемлекеттік нөмірі қоса көрсетілуі керек.  Өтініш берген сәттен бастап сертификат алғанға дейін белгілі бір уақытты күту керек. Осы уақыт ішінде әрбір автокөлік иесі жөнелтуді күтуге келісе бермейді. Егер келіссе, ол көлік қызметтерінің бағасын көтереді, өйткені автомобиль ауыстырылған жағдайда карантиндік сертификат алуға өтініш қайтадан берілуі керек, - деп толықтырды сөзін. 

Сондықтан ол аталған сертификатты алуды жеңілдету мәселесін талқылау қажет деп есептейді. 2023 жылдың басынан бастап тек «Шарын» баразында тиісті сертификат болмағаны үшін 9 млн теңгеге жуық сомада айыппұл толтырылған.  

Өнімнің сертификаты болмаса, одан қауіп бар. Базардағы саудагерлер дайын өнімді алады, ал сертификатты негізінен өнірушілер алуы керек. Базардағы кәсіпкерлер өнімді тиісті құжаттарымен бірге сатып алуға тиіс. Алайда өнімді алмаса, базар сөрелерінде тапшылық болада, бұл өз кезегінде қымбатшылыққа әсерін тигізеді. Мұны бәрі біледі. Тауарсыз қалмауы үшін құжатсыз алуға тура келеді, - деді Нұрлан Нұрмағамбектов. 

Айта кетейік, өнімнің фитосанитарлық және карантиндік сертификаты болмаса бірнеше айыппұл мөлшері бекітілген. Мәселен, жеке тұлғалар үшін 20 АЕК (69 000 теңге), лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 30 АЕК (103 500 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 40 АЕК (138 000 теңге) және ірі  кәсіпкерлік субъектілеріне - 100 АЕК (345 000 теңге) мөлшерінде айыппұл көзделген. 

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Астана қаласы бойынша аумақтық инспекцияның басшысы Сымбат Қалиасқаров бұл мәселеден хабардар екенін айтты.  

Міндетіміз – қарапайым сөзбен айтсақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Астанаға облысаралық тасымалдар мен шетелден импорттық өнімдер көп келеді.  Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болғандықтан, бізде бірыңғай фитосанитарлық талаптар бар. Сондай-ақ карантиндік объектілердің тізімі бекітілген. Қазіргі таңда 248 карантиндік объекті бекітілген, оның ішінде 10 пункті шектеулі таралған болып табылады. Қалғаны біздің аумақта жоқ, алайда оның караниндік маңызы бар. Біз олардың таралуына жол бермеуіміз қажет, - деді ол. 

Биыл елордалық инспекторлар қалаға жеткізілген өнімдерге 8177 акті толтырған. Сондай-ақ 11 карантиндік объект анықталған. 

Мемлекеттік инспектор келіп түсетін барлық өнімге алдымен құжаттық бақылау жүргізеді. Одан кейін физикалық бақылау яғни, өнімді зерттеу жүргізеді. Фитосанитарлық сертификат елімізге шетелден әкелінетін өнімдерге, ал карантиндік сертификат ол еліміздің басқа өңірлерінен әкелінетін өнімдерге беріледі. Құжаттық бақылау кезінде сертификаттар дұрыс болса, өнім зерттеледі. Сапасы сәйкес келген жағдайда инспектор сол жерде акт толтырып, рұқсат береді. Биыд 217 фитосанитарлық талаптардың бұзулуы анықталып, өнім иелері жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 11 карантиндік объекті анықталды. Атап айтсақ Қырғыз Республикасынан әкелінген өріктен шығыстың жеміс жемірі анықталды. Бұл жағдай бойынша хаттама толтырылып, сот шешімімен өнім жойылды. Сондай-ақ сырттан келген гүлден зиянкестер анықталып, олар да жойылды.  Осылайша 11 карантиндік объектінің таралуына жол бермедік, - деді Қалиасқаров. 

Бұған қоса, кәсіпкерлердің айыппұл өнім бағасының қымбаттауына әкеледі деген уәжіне қатысты пікір білдірді. 

Қазір кәсіпкерлердің айтып отырған уәжі – мемлекеттік инспекторлар күнделікті келіп, айыпұл сала береді-міс. Облысаралық тасымалдау карантиндік сертификатпен ғана рұқсат етіледі. Ол болмаған жағдайда өнім иесіне айыппұл салынады. Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, инспекторлардың сауда базарларында тексеруі заңды. Сондай-ақ айыппұлдың есебінен өнім бағасы өсіп жатыр дейді. Біз бұнымен келіспейміз. Себебі бұған дейін  сала өкілдерімен бірнеше кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама