Рuma, Adidas, Reebok, Nike. Елімізге киім-кешекті заңсыз өткізбек болғандар ұсталды

Қымбат Елтайқызы

Шығын миллиондаған теңгеге жетіп отыр

фото: Halyq Uni

Жамбыл облысында тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісі анықталды, деп хабарлайды қаржылық мониторинг агенттігі.

Аталған агенттіктің Жамбыл облысындағы аумақтық департаменті тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

Шекаралық бақылау бекетінде Қырғызстаннан Қазақстанға бет алған Volvo автокөлігін тексеру кезінде Рuma, Adidas, Philipp Plein, Reebok, Nike, Jordan, New Balance, Fila, Balenciaga сияқты әртүрлі маркадағы 1000-нан астам спорттық киім табылды. Тауардың жоғарыда аталған брендтерге қатысын анықтау және залалды бағалау үшін Рuma корпорациясының өкілі «IP Choice» заң компаниясы» ЖШС тартылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, анықталған тауарға келген шығынның жалпы сомасы 10 млн теңгеден асты, – дейді ҚМА.

Басқа брендтер өкілдерінен бүгінге дейін ешқандай шағым түскен жоқ. Қаржылық мониторинг агенттігі басқа брендтерге келген залалды анықтаумен айналысуда. Қазір қылмыстық іс аясында бірқатар жедел-іздестіру шарасы жүріп жатыр.