Жылдық инфляция 6-8% деңгейінде болады
Мәжілістің жалпы отырысында «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қабылданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мәліметі бойынша аталған заң жобасы әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде әзірленген.
2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде базалық сценарий негізге алынды, ол әлемдік экономиканың қалыпты өсу қарқынын, іскерлік белсенділікті арттыруды, сыртқы биржалық тауар нарықтарындағы құбылмалылығы аз жағдайды және экономикалық саясатты жаһандық дамудың жаңа шындықтарына бейімдеуді көздейді, - деп жазылған заңның қорытындысында.
Әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2024 жылы 5,3% деңгейінде, кейіннен 2026 – 2028 жылдары 6%-ға дейін өсуі мүмкін.
Сондай-ақ депутаттар «Қазақстанның Ұлттық қорынан 2024 – 2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын қабылдады. Осылайша, Ұлттық қордан жыл сайын 2 трлн теңге алынады.