Halyq Uni логотип
×

Мұнай бағасы қымбаттайды деп үміттенудің қажеті жоқ – KAZENERGY

Қазақстанның қай өңірлерінде жұмыссыздық мәселесі өршуі мүмкін екені айтылды

 Дәурен Ерболат 27.10.2023 | 11:27
Мұнай бағасы қымбаттайды деп үміттенудің қажеті жоқ – KAZENERGY
көрнекі фото: kmg.kz

Мұнай бағасы қымбаттайды деп үміттенудің қажеті жоқ. Бұл туралы KAZENERGY қауымдастығының бас директоры Кенжебек Ибрашев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қауымдастық басшысы Қазақстанда ең жоғары салық жүктемесі көп жылдан бері мұнай-газ саласына тиесілі екенін еске салды.

Егер халықаралық стандарттар бойынша есептесек, мұнда рентабельділік 29 пайыз болса, жүктеме – 80 пайыз. Дәстүрлі салықтардан басқа мұнай-газ саласы жер қойнауын пайдаланушыларға арнайы салықтар мен кедендік баж салығын төлейді, - деді Кенжебек Ибрашев Сенаттағы Үкімет сағатында.

Сондай-ақ KAZENERGY басшысы болашақта қай өңірлерде жұмыссыздық мәселесі ұшығуы мүмкін екенін айтты.

Ішкі нарыққа мұнай жеткізетін көптеген кен орнындағы қор таусылуға жақын. Ондағы мұнай өндіру деңгейі төмендеп жатыр. Бұл ең алдымен Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы кен орындарына байланысты. Мемлекет басшысы ескі кен орындарының мәселесіне бірнеше рет назар аударды. Бірақ жағдай өзгермеді, жүйелі шаралар қабылданбады, - деді ол.

Кенжебек Ибрашев экономиканы әртараптандыруды қазірден бастау маңызды екенін ескертті. Себебі, мұнайға малданып отыратын дәуір аяқталуға жақын.

«Біз экономиканы әртараптандыруды жылдамдатуымыз керек. Бұл ретте мұнай өндіру секторынан түсетін кірісті алмастыру жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Көп сарапшының пікірінше, қазірдің өзінде мұнайдан түсетін мол ақшаның дәуірі аяқталуға жақын. Мұнайдың физикалық көлемінің азаюы жағдайында баға конъюнктурасының жақсаруына үміт артудың қажеті жоқ», - деді KAZENERGY қауымдастығының бас директоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама