Halyq Uni логотип
×

Ұлттық қор – балаларға: ақша 10 жыл бойы доллармен сақталады

Қазақстанда кәмелетке толмаған 7 миллион бала бар

 Дәурен Ерболат 26.10.2023 | 15:13
Ұлттық қор – балаларға: ақша 10 жыл бойы доллармен сақталады
коллаж: Halyq Uni

2024 жылдың ақпанынан бастап Ұлттық қорға түскен табыстың 50 пайызы балалардың шотына аударыла бастайды. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков бағдарлама 2024 жылдың 1 қаңтарында іске қосылып, 1 ақпанда алғаш рет ақша аударылатынын айтты.

Дәурен Темірбековтің айтуынша, 18 жылдағы инвестициялық кірістің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың санына бөлінеді. Сол арқылы бір балаға берілетін сома анықталады. 1 ақпаннан кейін 18-ге толған балалар электронды платформа арқылы ақшаны шешіп алуға өтінш беруге құқылы.

Балалардың ата-анасы шотқа ақша аударылғанын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан ЖСН арқылы (балалардың – ред.) тексере алады.

Ұлттық қордың инвестициялық табысынан аударылатын қаражат бала 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл шотында сақталады. Ресми деректер бойынша, қазір Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалардың саны 7 миллион.

Ұлттық қор қаражатын білім алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған нақты екі мақсатта пайдалану ұсынылады. Білім алу бағыты бойынша қаражатты жоғарғы оқу орындарының ақысын төлеуге немесе мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға мүмкіндік болады. Қаражатты шетелдік оқу орнында оқу ақысын төлеуге пайдалануға шектеу қойылмайды. Ал тұрғын үй жағдайын жақсарту бағыты бойынша қаражатты тек Қазақстан аумағында ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Қаражатты бастапқы жарна, ипотекалық қарыздар бойынша төлем ретінде аударуға мүмкіндік беріледі.

Қазақстан азаматтары 18 жасқа толғанға дейін «қатысушы», кәмелетке толғаннан кейін «алушы» санатына көшеді. 18 жасқа толған кезде жинақталған қаражат баланың айрықша меншігі болады. Уәкілетті операторларға өтініш бергеннен және шот ашқаннан кейін жинақталған қаражат көрсетілген шотқа аударылады.

Сондай-ақ, алушылар ретінде заңды өкілдер мен мұрагерлер де бола алады. Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталатын құқық беріледі. Шоттағы қаражат 10 жыл ішінде талап етілмеген жағдайда, сол адамның зейнетақы шотына аудару мүмкіндігі бар. Қазақстан азаматтығын жоғалтқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жойылады, - деді Дәурен Темірбеков.

Қаржы вице-министрінің айтуынша, бала кәмелет жасқа толғанға дейін ақша доллар түрінде Ұлттық қорда сақталады.

Еске салайық, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров егер бала кәмелетке жетпей қайтыс болса, Ұлттық қордан бөлінетін қаражат кімге берілетінін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама