Жиында министр мен облыс әкімдеріне тапсырма берілді
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту мәселесі қаралды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Ілияс Оспановтың айтуынша, өткен 9 айда өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға 1 трлн және 27 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4% төмен.
Жыл соңына дейін жоспарлы көрсеткіш 2,1 трлн теңге болады.
Жалпы биыл инвестиция көлемі 1 трлн теңге болатын 170 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың ішіндегі ең ірілері – тұрмыстық техника және арнайы кокс өндіретін кәсіпорындар, сондай-ақ шламдарды қайта өңдейтін кен байыту фабрикасы. Бүгінде жалпы құны 200 млрд теңге болатын 65 жоба іске қосылды.
Сонымен қатар өңірлер 2027 жылға дейін жоспарланған бірқатар инвестициялық жобаны іске асыруды шегерді. Бұл инвесторлар қаржысының жетіспеуіне, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеуіне, жабдықтардың жеткізілмеуіне немесе кешіктіріп жеткізілуіне, сондай-ақ жер мәселелеріне байланысты болып отыр.
Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне аталған бағытта үйлестіру жұмыстарын белсенді жүргізуді тапсырды.
Тек жол картасын бекіту арқылы барлық мәселені шешу мүмкін емес. Бұл жерде жобалардың қалай іске асырылып жатқанын, жер-жерде қандай мәселелер шешілмей жатқанын қадағалап, өз тарапыңыздан әкімдерге көмек көрсету қажет. Сіз жол картасын мақұлдадық, енді осымен барлық мәселе шешілді деп ойлайсыз ба? Бұл – бар болғаны бюрократия! Инвестициялық жобалар іске асып, оның нәтижесін көрмейінше, мәселе шешілді деп айтуға болмайды, – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы Ақтөбе облысында өңдеу саласына тартылған инвестицияның төмендеп кеткенін атап өтті. Сондай-ақ өңірде 5 жоба бойынша іске асыру мерзімі кейінге шегеріліп отыр.
Мысал ретінде айтсақ, облыста керамикалық плиткаларды өндіру жобасын іске асыру тоқтатылды. Әкімдік жер учаскесін бөлу рәсімін жарты жылға созып жіберді. Салдарынан инвестор жобаны басқа аймаққа көшіру мәселесін қарастырып жатыр, – деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ ол 1 мың жұмыс орнын құру көзделіп отырған алтын кендерін өңдейтін кен-байыту фабрикасының құрылысы 2026 жылға қалдырылғанын баса айтты. Бұған электр қуаты мен газға қосылуға техникалық шарттар мен келісімдер мерзімінің жарты жылға созылып кетуі себеп.
Аталған мәселелер бойынша өңір әкімі Асхат Шахаров, KEGOC АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов және «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ басқарма төрағасы Бауыржан Асқаров түсінік берді.
Ең алдымен бұл жобалар өңір экономикасы үшін өте маңызды. Сондықтан облыс әкімдігі аталған компаниялармен бірлесіп, барлық туындаған мәселені тез арада шешуі қажет, – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр Ақмола облысында да 9 айда инвестиция көлемі төмендеп кеткенін атап өтті. Сондай-ақ 6 инвестициялық жобаны іске асыру мерзімдері бұзылып отыр. Мәселен, кірпіш зауытын салу жобасы 2021 жылдан бері созылып келеді. Әкімдік инвесторға балшық өндіруге лицензия бермеген.
Сонымен қатар Маңғыстау облысында да 10 жобаны іске асыру мерзімі кейінге шегерілді.
Өңірде аммиак және карбамид өндіру бойынша перспективалы жоба бар, бірақ оған қажетті инфрақұрылым тартылмаған. Сондай-ақ негізгі шикізат болып отырған табиғи газды жеткізу мәселесі шешілмеген, – деді Үкімет басшысы.
Бұл жағдайға қатысты Ақмола облысы әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов пен Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев түсінік берді.
Премьер-министр өңірлерге инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерінде неғұрлым белсенді ұстаным көрсету қажет екенін атап өтті. Өйткені олардың нәтижесінде жаңа жұмыс орындары пайда болып, жалпы экономикалық көрсеткіш жақсарады.
Қандай да бір қиындықтар туындаса, әкімдіктер жобаларды іске асыру мерзімдерін кейінге қалдыруды немесе олардан мүлде бас тартуды үйреншікті дағдыға айналдырып алды. Тиісінше проблемалық мәселелер болған жағдайда жедел әрі нақты шешу қажет, – деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, инвестиция көлемі өсіп, нәтижелі жобалардың тиімділігін көріп жатқан өңірлер де бар. Бұл – Түркістан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстары және Астана қаласы.
Барлық құрал мен механизм қарастырылған. Әкімдер оларды жергілікті жерлерде дұрыс және белсенді түрде іске асыруы керек, – деп атап өтті премьер-министр.