Тоқаевтың тапсырмасынан кейінгі тексеріс: «Алтын Орда» базарында заңбұзушылықтар анықталды
Екі ірі мекемеге қатысты тексеру жүріп жатыр
«Алтын Орда» базарында қандай салық заңнамасын бұзушылықтар анықталғаны белгілі болды.
«Президенттің үкіметтің 2022 жылғы 8 ақпандағы кеңейтілген отырысында Алматы облысындағы «Алтын Орда» базарының қызметін ретке келтіруге қатысты тапсырмасына сәйкес, қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті бірқатар бақылау шарасын жүзеге асырды. «Алтын Орда» базар аумағында сауда жасайтын 2993 тұлға кәсіпкер ретінде тіркелді (оның ішінде ақпанда-1371,наурызда-1443,сәуірде-179). Бұрыннан тіркеліп, жұмыс жасап отырған жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды қоса есептесек, қазір жалпы саны 3324 субъектіні құрады. Ал бұрын базар аумағында сауда жасайтын 331 салық төлеуші ғана есепте тұрған», – дейді қаржы министрлігі.
Бақылау шаралары базарды жалға алушы «Altyn Orda QazTrade Ltd» ЖШС және базар иесі «KURYLYS LTD» - «Курылыс ЛТД» ЖШС-ке қатысты жүргізілді. Қолданылған шаралар нәтижесінде бюджетке 1,5 млрд теңге салық төленді. Оның ішінде «Altyn Orda QazTrade Ltd» ЖШС 1,4 млрд теңге салық төлесе, «KURYLYS LTD» - «Курылыс ЛТД» ЖШС бюджетке 92,3 млн теңге төлеген.
Одан бөлек, қолданылған шара нәтижесінде «Altyn Orda QazTrade Ltd» ЖШС пен «KURYLYS LTD» - «Курылыс ЛТД» ЖШС-ке камералдық бақылау бойынша жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеге хабарламалар қойылып, 1,1 млрд теңге қосымша салық есептелді. Қазір оның 650 млн теңгесі бюджетке өндірілді, – дейді ведомство.
Камералдық бақылау – салық тексеруін жүргізбестен, мемлекеттік кірістер органдарының хабарламалар табыстау арқылы жүргізетін бақылау түрі.
«Сонымен қатар қазір «Altyn Orda QazTrade Ltd» ЖШС және базар иесі «KURYLYS LTD» - «Курылыс ЛТД» ЖШС-ке қатысты салықтық тексерулер жүріп жатыр», – делінген ақпаратта .
«Алтын Орда» базарынан орын алу үшін 4 млрд теңге салған кәсіпкерлер әділдік іздеп отыр. Қошанов «Алтын орда» базарына қатысты пікір білдірді.